Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті «NBC TV» қаржы пирамидасын ұйымдастыру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылы күдікті «www.nbcms.com» сайты мен WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, инвестициялық жоба ретінде бүркемеленген қаржы пирамидасын құрған. Арнайы чаттарда 200-ден астам адам болған.
Қатысушыларға қысқа бейнероликтерді қарау арқылы табыс табу ұсынылып, жобаға кіру үшін 11 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттер сатып алу талап етілген. Ұйымдастырушылар тәулігіне 5–10 пайызға дейін табыс (айына 150%-дан астам) уәде еткен. Алайда төлемдер тек жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Сонымен қатар жүйеде рефералдық бағдарлама енгізіліп, жаңа адамдарды тартқандарға 10 пайызға дейін сыйақы берілген. Екінші және үшінші деңгейдегі қатысушыларға қосымша бонустар қарастырылған.
Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру үшін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жарнама жасап, жалған құжаттар жариялаған, жасанды табыс көрсеткіштерін көрсетіп, блогерлерді тартқан.
Тергеу барысында қаражаттар жеке тұлғалардың шоттарына түсіп, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға, соның ішінде Tether-ге айырбасталып, анонимді әмияндарға жіберілгені анықталды.
Сот санкциясымен 1 057 599 USDT көлеміндегі криптоактивке тыйым салынды. Бұл шамамен 528,5 миллион теңгені құрайды.
Күдіктіге қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы таңдалып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Агенттік азаматтарға қаржы салмас бұрын компанияның ресми тіркелуін, құқықтық мәртебесін және рұқсат құжаттарын тексеріп, уәде етілген табыстың шынайылығына мұқият назар аударуға кеңес берді.
