Алматыда Әшімов көшесі бойындағы ломбардқа қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурызбай ауданында орналасқан ломардқа қолдарында тапанша мен пышағы бар екі ер адам шабуыл жасады. Дәл сол кезде ломбард маңынан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Парманов пен Ерлан Қосалиев өтіп бара жатқан.
«Учаскелік полиция инспекторлары - полиция майоры Қанат Парманов пен полиция капитаны Ерлан Қосалиев өздерінің әкімшілік аймақтарында жүрген. Әшімов көшесінің бойындағы ломбардтан көмекке шақырған әйелдің даусын естиді. Сол кезде ломбардтың ішінен тапанша және пышақпен қаруланған екі адам жүгіріп шыққан, олар полиция қызметкерлерін көріп, қашып кетпек болған. Күдіктілер ұсталды», - деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
«Мен олардың артынан жүгіріп шықтым. Қарасам екі полиция қызметкері олармен төбелесіп жатыр екен. Күдіктілер қашып кетпек болды. Бірақ полицейлер оған жол бермеді. Мен полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіріп, алғыс айтқым келеді. Рахмет!», - деді, ломбард қызметкері Елмира Үсенбаева.
Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 192 бабы 2 бөлімі 1 тармағы бойынша тіркелді.
«Күдіктілердің екеуі де Жамбыл облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, олар Алматыға қылмыстық жолмен ақша табу мақсатында келген. Олардың бірі - 2000 жылы туған Ж. атты азамат, бұрын адам тонағаны үшін сотталған. Оның сыбайласы - Қ. есімді азамат, 2001 жылы туған. Қылмыс орнында жедел-тергеу тобы «Байкал» тапаншасын, ас үй пышағын, қолғап, қара бетперде, әртүрлі атаудағы 24 дана алтын салынған қорап тәркіледі. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Д. Аханов.