Алматыда «Lexus 570» көлігін ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматыда қымбат көлікті ұрлаумен айналысатын қылмыстық топ ұсталды.
Ұрылар тобы үш адамнан түрады. Олардың екеуі – Алматы облысының тұрғыны. Біреуі – алматылық.
«13 мамыр күні күдіктілер Медеу ауданында «Lexus 570» автокөлігін ұрлап кеткен. Олар есікті техникалық құрылғы арқылы ашқан. Күдіктілер өз құрбандарын бірнеше күн бойы бақылап отырғаны, оның қалада жүретін бағдарын зерттегені анықталды. Олар жол талғамайтын көлік иесі кафеде кездесуде болған кезде, қымбат көлікті айдап кеткен. Осы қылмысты ашу мақсатында арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Нәтижиесінде ұрланған көлікті жасырған үй анықталды. Бұл – Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесқайнар ауылында жалға берілген тұрғын үй», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Полицейлер іс-шараны арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен өткізді. Аталған үйдің аумағында рұқсат етілген тексеру барысында ұрланған жол талғамайтын көлік, осы көліктің салонынан алынған ақшаның бір бөлігі, сондай-ақ күдіктілер қылмысқа қолданған техникалық құрылғылар және жасанды шаш пен мұрт тәркіленді.
« Ұрылар қылмысқа мұқият дайындалғаны анық. Алайда айыпталушылардың қылмыстық жоспарлары жүзеге аспады. Қазір олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.