Алматыда жол талғамайтын қымбат көліктерді айдап кеткендер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сәуірде қала тұрғындарынан көлігін ұрлағаны туралы полицияға екі арыз түскен. Көліктерді ұрлау әр уақытта және қаланың әр жерінде болған. Ұрланған көліктер маркасы мен моделі бірдей. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қала маңынан ұрланған көліктерді тапты.
«27-ден 33 жасқа дейінгі үш күдікті арнайы құрылғы көмегімен басқа адамдардың көліктерін оталдырған. Олар қалада тек «Land Cruiser 200» маркалы көлікті ұрлаған. Автокөліктердің барлығын «қара базарда» сату мақсатында айдап кеткен. Олар бір жол талғамайтын көлікті, нөмірін алмай-ақ, өзінің бастапқы түрінде сатып үлгерген. Көлікті сатыпалушы да анықталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 196-бабы (« Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу «) бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Ұрланған жол талғамайтын көліктер иелеріне қайтарылды», - деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан Смағұлов.
Спикердің айтуынша, күдіктілердің екеуі бұрын сотталған.
«Қазір ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Руслан Смағұлов.