11 ақп, 2021 сағат 08:44

Алматыда қылмыс 47,8% азайды

Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қала тұрғындарының алдында есеп берді. Кездесу онлайн режимде «Алматы» телеарнасының эфирінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қанат Таймерденовтың айтуынша, 2020 жылы қалада қылмыс деңгейі 47,8 пайызға төмендеген. 

«2020 жылы Алматы полициясының қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауының талаптарын жүзеге асыруға, сондай-ақ, ағымдағы жылды - профилактика жылы деп жариялаған ішкі істер министрінің тапсырмаларын орындауға бағытталды. Осылайша, өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде қалада қылмыс деңгейін 47,8, оның ішінде ауыр және ерекше ауыр қылмыстарды 2,5 есеге азайтуға мүмкіндік туды.Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 4 есеге азайды. Талдау көрсеткендей, қалада қылмыстың азаюына карантиндік шараларды күшейту, модульдік бекеттер құру, патрульдік полиция полкінің 30% -ын жаяу патрульге ауыстыру себеп болды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов тікелей эфир кезінде. 

Спикердің айтуынша, қабылданған шектеу шаралары қаладағы қылмыстардың негізгі бөлігін сырттан келгендер жасайтындығын көрсетті. 

«Жалпы, департаменттің кадрлық және материалдық-техникалық әлеуеті бізге жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындауға, еліміздің ірі шаһарында заңдылық пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етуге, сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Қанат Таймерденов.