09 шіл, 2021 сағат 12:22

Алматыда квадроциклдегі балаларды қағып кеткен жүргізуші сотталды


Алматыда квадроциклдегі балаларды қағып кеткен жүргізуші сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 2020 жылы 25 шілде күні «Алатау» ықшамауданында болды. 

«Toyota Camry» көлігінің жүргізуші А. Арыстанов «Алматы-Көкпек-Көктал-Алатау» тас жолы бойымен батыс бағытта жүріп келе жатып шамамен 20:55-те жол ережесін бұзды. Ол ауа райының қолайсыздығына мән бермеді. Қажетті қозғалыс жылдамдығын таңдамады. Яғни, «Алатау» шағынауданынан батысқа қарай 134 метрде, жол қозғалысы ережесінің 8.1, 11.1 тармақтарының талаптарын ескермей, қауіпті маневр жасап, қарсы жолақта келе жатқан төрт дөңгелекті квадроциклмен соқтығысты. Нәтижиесінде квадроцикл жүргізушісі 16 жастағы жасөспірім ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды. Ал оның жолаушысы төрт жасар қыз ауыр жарақат алды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов. 

Сот шешімімен А. Арыстанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2,6 жылға бас бостандығынан және 4 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі қылмыстық сот жүйесі мекемелерінде өтейді. 

«Үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, А.Арыстанов сот залында қамауға алынды.