Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал күрделі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, эпидемиологиялық бағалау бойынша қала «қызыл» аймақта. Оның үстіне қалада мутациядан өткен штамдар таралып жатыр.
«Бұл өзгерістер өткен аптада табылды. Жалпы коронавирустың бразилиялық, британдық және Оңтүстік Африка штамдарының белгілері бар. Зерттеу жүргізу кезінде британдық және Оңтүстік Африка штамдары табылды. Соған орай қалада шектеу шаралары енгізілді. Шаһардың «қызыл» аймаққа кіргеніне екі аптадан асты», - дейді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар ол, қазір қалада 3 085 ошақ бақылауға алынғанын атап өтті.
«Оның ішінде үй ошағында 4 мыңдай адам медициналық бақылауда және 1233 қала тұрғыны жұмыс істейтін жері және оқу орны бойынша бақылауға алынған. Бүгінгі күні 2 759 адам ем қабылдап жатыр. Өткен тәулікте 545 адамнан вирус анықталған. Біздің болжам бойынша жаңа штамдардың инкубациялық мерзімі екі есе аз, ал таралуы - екі есе жылдам. Орташа деңгейдегі аурулардың саны көбейді», - деді ол.