29 сәу, 2021 сағат 16:40

Алматыда карантин талабын бұзған 700-ге жуық мекемеге айыппұл салынды


Алматыда карантин талаптарының сақталуын 40 мониторинг тобы бақылайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

28 сәуірден 29 сәуірге қараған түні белгіленген шектеулерді 13 мекеме бұзғаны анықталды. Олардың арасында: Медеу ауданындағы «Бармаглот» бары жұмыс істеген, онда 100-ге жуық адам болған. «Мята» лаундж бары да кеушілерді қабылдаған. Ол жерден 60-қа жуық адам шығарылды.

Биылғы жылдың 20 наурызы мен 29 сәуірі аралығында белгіленген шектеулердің 714 рет бұзылғаны анықталды. Атап айтар болсақ, мейрамхана- 492, дәмхана мен дүкен -93, компьютерлік клуб -15, бильярд клубы – 43, СПА-салон – 26, сауна – 2, кальян бары – 20, караоке клубы- 9, лото клуб-1, букмекерлік кеңсе – 15. Жалпы, 3288 адамға әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама толтырылды. 

Алматы әкімдігі карантин шараларын – бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауды жалғастыруға шақырады. 

Эпидемиологтардың мәліметтері бойынша, бүгінгі күні Алматыда 20-39 жас аралығындағы жастар арасында КВИ жұқтыру анағұрлым жоғары, онда аурумен сырқаттану 34,8%-дан 35,5%-ға дейін көбейген. Осыған байланысты, қала тұрғындары барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды күшейтуі қажет.

Мегаполисте COVID-19-ға қарсы вакцинация жүріп жатыр: міндет – Алматы халқының 60-75%-ында ұжымдық иммунитет қалыптастыру. 18 жастан асқан барлық тұлғаларды егу пунктінен тегін вакцина алуға шақырамыз, Алматыда олардың саны бүгінде 200-ден астам.