«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматыдағы барлық мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшеді. Бұл туралы Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев хабарлады.
Цифрландыру жұмыстарымен айналысатын басқармада жақын күндері бірнеше бөлім ашылатын болады. Атап айтқанда, жобаларды басқару, процестік даму, өзгерістерді басқару және мәліметтерді басқару бөлімдері.
«Бүгінгі таңда біз қаладағы барлық нысандарға мониторинг жүргізіп жатырмыз, нәтижесінде жол жөндеу, инфрақұрылымдық желілерді тарту, мектептер мен балабақшалардың орналасуы, ауруханалардың шоғырлануы сынды сервистік жұмыстарды біліп отырамыз. Енді бұл бағытты одан сайын жетілдіріп, оның операциялық даму процесіне қала тұрғындарын кеңінен тарту үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асатын болады», – дейді Б.Қоңырбаев.
Оның сөзінше, қала тұрғындарының ақпараттық жүйеге қолжетімдігін барынша арттырып, қаланың тыныс-тіршілігінен хабар беру үшін бірыңғай база жасалады. Цифрландыру жұмыстары мемлекеттік органдардың ашықтығына және тұрғындардың кеңінен ақпараттандырылуына ықпал етеді.
Бұған қоса, аймақтағы студенттерді цифрландыру жұмыстарына тарту үшін техникалық университеттер және кәсіби колледждермен ынтымақтастық орнатылатын болады.
Еске сала кетсек, қыркүйек айының басында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Цифрландыру басқармасының құрылғанын хабарлап, келер жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік қызмет автоматтандырылатынын айтқан болатын. Басқарманың міндеті – «ақылды қаланың» жаңа жобаларын енгізу, мемлекеттік қызметті автоматтандыру, өңірдегі ақпараттық технологиялық әлеуетті арттыру және т.б. Ал қазіргі таңда аймақта мемлекеттік қызметтің 80 пайызы цифрлық форматқа көшкен.