28 қаз, 2021 сағат 19:15

Алматыда есірткі зертханаларын ашқан тұрғындар ұсталды - ҰҚК


Алматы аумағындағы жасырын зертханаларда ірі көлемде синтетикалық есірткі жасауға және оларды Интернет ресурстар арқылы таратуға қатысы бар 2 топ әрекеті анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылғы қазанда ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен жедел-іздестіру шарасы жүргізілген. 

Шара нәтижесі бойынша, "мефедрон" және "Aльфа-PVP" жасырын өндірісі бойынша 2 есірткі зертханасын ұйымдастырған Қырғызстан азаматы мен төрт Қазақстан азаматы ұсталған.

"Тінту жүргізу нәтижесінде 4 келі синтетикалық есірткі, және 40 литр жартылай дайын есірткі заты, 1 келі гашиш, 20 келіден аса химиялық қоспа және зертханалық жабдықтар табылып, тәркіленді.

Қылмыстық тауардың әлеуметтік мессенджерлер арқылы байланыссыз тәсілмен жасырын жерге қалдыру жолымен таратылғаны анықталды", - делінген хабарламада.

Қазақстан ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті соталды тергеу материалдарын ҚР ҚК-ның 297-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркеген.

Сурет: gov.kz