15 жел, 2020 сағат 08:01

Алматыда «Ел үміті» жобасының үздік қатысушылары марапатталды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» жобасы аясында жүзеге асырылған «Елбасы медалі» бағдарламасы мен «Ел мақтанышы» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ел үміті» жобасы Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатыр. Жастар жылында Елбасы дарынды, белсенді және шығармашыл жастарды жүйелік негізде қолдау қағидатын бекітуді ұсынды.

Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы 571 алматылық қатысты, оның 90-ы медальмен марапатталды.

Зияткерлік олимпиадада жеңімпаз болған бес оқушы және оларды сайысқа дайындаған 15 мұғалім «Ел мақтанышы» сыйлығымен марапатталды.

Биыл интеллектуалды сайыстарға қаланың 359 оқушысы қатысып, оның 237-сі жүлделі орындарға ие болды.

Қала әкімі Б. Сағынтаев Тұңғыш Президент — Елбасының арнайы марапат иелерін құттықтай келе, дарынды жастарды қолдау шаралары және білім алу мен қабілетті жан-жақты дамыту үшін жағдай жасау туралы айтты.

Биыл қолдау шаралары аясында 500-ден астам жас мұғалім 30 млн теңгеге материалдық көмек алды. Сондай-ақ, мұғалімдерді қаржылай қолдау мақсатында жалақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25% өсті.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап алғаш рет өз жұмысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қаланың үздік мұғалімдері үшін ақшалай сыйлықпен қатар, Алматы қаласы әкімінің арнайы гранттары енгізілді.

2 бөлмелі пәтер мен автокөлік жыл сайынғы қалалық «Алматы мұғалімі» байқауының жеңімпаздарына тапсырылып отырды.

Сонымен бірге мұғалімдердің тұрмыстық жағдайын жақсарту жұмысы жалғасып жатыр. Осылайша, биыл 266 жас мұғалім үймен қамтамасыз етілді.