22 қаз, 2018 сағат 20:19

Алматыда БҰҰ-ның жаңа ғимараты ашылады

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін мерекелеу қарсаңында аталмыш ұйымның жаңа ғимаратының ресми тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«23 қазанда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін мерекелеу қарсаңында (24 қазандағы) аталмыш ұйымның жаңа ғимаратының ресми тұсаукесерін жоспарланған. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы аймақтық офистерінің жоғары өкілдері қатысады. ЮНИСЕФ-тің Еуропа мен Орталық Азия елдері жөніндегі аймақтық директоры Афшан Хан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының аймақтық директоры Жужанна Якаб және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық желісінің «Сау қалалары» мэрлерінің қатысуы күтілуде», - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимараты БҰҰ агенттіктерінің ең жоғары қауіпсіздік талаптарын қанағаттандыру үшін салынған Алматы қаласының ең заманауи архитектуралық нысандарының бірі болып табылады.

«Ол Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті ең озық жабдықтармен және жиһаздармен жабдықталады. 2018 жылдың соңында - 2019 жылдың басында БҰҰ агенттіктері жаңа ғимаратқа көшуі мүмкін», - деді ҚР СІМ ресми өкілі.