Алматыда танымал ресейлік блогер Гусейн Гасанов қатысқан сауық кешіне байланысты тексеру жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық Санэпидбақылау департаментіне сілтеме жасап.
"Алматы қаласы "қызыл" аймақта тұр. Эпидемиологиялық ахуал шиеленісіп тұр. Ұйымдар мен мекемелердің жұмысына енгізілетін шектеулер эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады және бәрі оны орындауы тиіс. Танымал ресейлік блогер Гусейн Гасанов қатысқан кешке қатысты департамент тексеру жүргізеді. Нәтижесінде аталған тұлғаларды және шараны ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданады", - деді департаменттің баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұған дейін Independ.kz порталы Гусейн Гасанов қаладағы көңіл көтеру орталықтарының бірінде болғанын хабарлаған еді. Мониторинг тобы блогер және басқа да адамдардың үстінен түскен болатын.
