11 мам, 2021 сағат 15:41

Алматыда біреудің атынан онлайн несие алатын алаяқтардың қатары көбейді


Алматыда онлайн несиеден алданғандардың қатары көбейді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық полиция департаменті шағын несие ұйымдары мен коллекторлық компаниялардың басшыларымен жиналыс өткізді. 

Жиын барысында шағын қаржы ұйымдарының қауіпсіздік жүйесін нығайту мәселелері талқыланды. 

«Дөңгелек үстелде талқыланған негізгі тақырыптың бірі - бірнеше жыл бойына өзектілігін жоғалтпаған, керісінше, интернетте белгілі бір басымдыққа ие болып отырған онлайн несиеге байланысты жағдай. Бүгінде біздің елде азаматтарға онлайн ақшалай несие беретін 20-ға жуық компания жұмыс істейді. Бұл өте ыңғайлы, бірақ екінші жағынан, тәжірибе көрсеткендей өте қауіпті. Өкінішке қарай, алаяқтар қашықтан қолжетімді шағын қаржы ұйымдары арқылы басқа адамдардың жеке деректерін пайдаланып, ақшалай несие алады. Онлайн несиеден алданғандардың қатары көбейді», - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов. 

Оның айтуынша, бұл фактілер онлайн несиелеудегі әлсіз ақпараттық қауіпсіздікті көрсетеді. 

«Жиын барысында біз, алданған ондаған азамат көмекке жүгінетін тергеу органы ретінде, осы ШҚҰ-ның қауіпсіздік жүйесіне түзетулер енгізуді ұсындық, соның арқасында осы қылмыстардың жасалуын барынша азайтуға және халықты қорғауға болады»,-дейді ол. 

Біріншіден, онлайн несие алуға сұраныс түсетін ұялы телефон нөмірінің тіркелуін оны рәсімдеген адамның жеке деректерімен бірге міндетті түрде тексеру керек. 

Екіншіден, несие рәсімделіп жатқан азаматтың банк картасына аударылған қаражаттың мақсаты туралы міндетті смс-хабарлама жіберілуі тиіс. 

Үшіншіден, адамды жеке биометриялық параметрлері бойынша тану қажет.