Алматыда Daryn.Online білім беру платформасы ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Daryn.Online платформасы 2019 жылы іске қосылды. Оны қазақстандық мектеп оқушылары қашықтан оқу үшін қолдана алады. Бүгінгі күні мұнда 2,7 млн астам оқушы мен 200 мұғалім тіркелген.
Онлайн білім беру платформасының негізін қалаушы Асқар Мақсатұлы мұнда 0-ден 11-ке дейінгі сыныптарда 700 мыңнан астам оқушының күн сайын білім алатынын айтты. Күніне 60-тан астам арнайы бейне сабақтар түсіріледі. Оларға Республикалық физика-математика және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, сондай-ақ орта мектептердің үздік мұғалімдері сабақ береді.
Оқыту синхронды және асинхронды форматта өтеді. Синхронды дегеніміз - мұғалім конференц-қоңырау ұйымдастырып, студенттермен желіде тікелей эфирде сабақ өткізеді. Ал асинхронды - оқытушы студенттерге дайын онлайн курстар, презентациялар, оқулықтар мен мультимедиялық материалдарды оқуға береді.
«Әр оқушының жеке кабинеті болады. Кез-келген адам тегін тіркеле алады. Бірақ , жеке пайдаланушылар сабақ үшін айына 2000 теңге төлейді. Яғни, кез-келген адам пәнді сатып алып, өздігінен сабақ бере алады «, - дейді платформаның негізін қалаушы.
Оның айтуынша, олармен келісім шартқа отырған мектептердің оқушылары мектеп пәндерін тегін пайдалана алады. Бүгінде олардың саны Қазақстан бойынша 1491.
«Біз келісім шартқа отырған мектептермен тамыз айының басынан бастап жұмыс істей бастадық. Олар 1 қыркүйекке дейін дайын болу үшін оны қалай қолдануға болатынын түсіндіріп, көрсетік. Daryn.Online мақсаты - ел жастарына әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білім беру. Офлайн сабақтарға арналған мобильді қосымша да бар», – деп қортындылады сөзін Асқар Мақсатұлы.