08 қыр, 2021 сағат 15:41

Алматыда әйелден ақша бопсалаған ер адам ұсталды


Алматыда әйелден 12 миллион теңге бопсалаған 40 жастағы алматылық ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Криминалдық полицейлердің айтуынша, ақша табудың бұл әдісін «Шаңырақ» ықшамауданының Д. есімді 40 жастағы тұрғыны қолданған. 

Сонымен қатар, бұрын ер адамның бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды. 

«Полицияға 23 жастағы Н. есімді қыз жүгінді, ол анасының танысы әлеуметтік желіге интимдік сипаттағы суреттер мен бейнелерді орналастырамын деп қорқытып, бопсалау арқылы 12 миллион теңге талап етіп отырғанын айтты. Бұл факт ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол бұл заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде танысынан жоғарыда аталған соманың бір бөлігін алғандығын мойындады», – деді Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.