Алматыда арнайы дабылды қосып, қала көшелерінде жүрген көлік жүргізушілері жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен аптада интернет кеңістігін бақылау кезінде «Mercedes», «Toyota Camry» және «Cadillac Escalade» көліктерінің жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзғандығы анықталды. Дереу анықтау шаралары жүргізіліп, нәтижесінде құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, «Mercedes-Benz» көлігін тізгіндеген 2000 жылы туған А. есімді азамат көлігіне арнайы жарық және дыбыстық дабыл беруге арналған құрылғыны заңсыз орнатқан. Ол жақында ұсталды. СМУ алынып тасталды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 230-бабы 2-бөлігі, 592-бап 3-бөлігі, 595-бап 1-бөлігі, 601-бап 2-бөлігі, 603-бап 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Осындай заңбұзушылыққа «Cadillac Escalade» автокөлігін басқарған Алматы тұрғыны – 2001 жылы туған Ж.азаматта барған. Ол да құрылғыны арнайы жарық және (немесе) дыбыстық дабыл беру үшін заңсыз пайдаланған. Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта қозғалған тәртіп бұзушы жол қозғалысы ережелерінің 2.4.3, 2.4.4, 7.13, 7.17 ережелерін бұзды, ол ҚР ӘҚбК-нің 230-баптың 2-бөлігі, 590-баптың 1,7,9-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Айтпақшы, сағатына 165 шақырым жылдамдықты асырып, әлеуметтік желі арқылы мақтанған «Toyota Camry» жүргізушісіне қатысты да әкімшілік шаралар қолданылды. Мен жол қозғалысына қатысушыларға жол ережелерін қатаң сақтау туралы қала жолдарындағы мәдениеттің деңгейін көтеру және жазаның бұлтартпас қағидаты туралы тағы бір рет еске салғым келеді. Сонымен қатар, мен қоғамдық белсенділік танытып, заң бұзған жүргізушілер туралы хабар беріп, сол арқылы жалпы жол қауіпсіздігі мәселелеріне немқұрайлы қарамайтын азаматтарға алғыс айтамын», – деп қорытындылады Мұраталиев.