20 қаз, 2021 сағат 13:52

Алматыда әлеуметтік желі арқылы елді алдаған екі жас жігіт ұсталды


Алматыда әлеуметтік желі арқылы елді алдаған екі жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматының криминалдық полициясы Instagram-да «бренд киімдерді сатамыз» деген жарнамамен адамдарды алдап кеткен екі жергілікті тұрғынды ұстады. 

«Алаяқтық тізбегі өте қарапайым болған. Ұсталғандардың бірі – 25 жастағы И.есімді азамат әлеуметтік желіде «almaty.sneaker» және «top.sneakerkross» парақшасы бар. Онда ол түрлі-түсті суреттер мен жеңілдіктер туралы ақпараттар жарияланған. Ал 19 жастағы оның серіктесі болашақ сатып алушылармен байланысып, тапсырыс пен төлемдерді қабылдаған. Олар түскен пайданы тең бөлісіп алып отырған», – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов. 

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетсек, жыл басынан бері Алматыда 2 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелді.