17 қар, 2021 сағат 11:53

Алматыда 60 мың қаптама дәрі-дәрмекті қолдан жасағандар сотталды


Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары мен ұйымдастырушылары күмәнді дәрілік препараттардың 60 000-нан астам қаптамасын дайындағаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті жалған дәрілік препараттарды дайындау бойынша ірі астыртын цехті ұйымдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 мүшесіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 

Жедел шаралар нәтижесінде барлығы 60 000 астам қапталған «Ротоцеф», «Солкасерил», «Кальций Д3 никомед», «Цераксон» және басқа сауда атауларымен шыққан күмәнді дәрілік препараттар тәркіленген болатын. 

Covid-19 пандемиясы кезеңінде болған жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласы бойынша департамент қызметкерлері дәрілік препараттарға арналған қорапшаларды дайындайтын баспахана және заңсыз өнімдерді сақтауға арналған қойма, сондай-ақ одан әрі тексеру кезінде Алматы облысының Іргелі кентінде астыртын цехтің қызметі анықталды.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген дәрілік препараттардың жалпы құны 250 млн теңгеден асады.

Сот үкімімен үш айыпталушы ҚР ҚК 262-бабы 1-бөлігі, 323-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. 

Оларға 5,6 жылдан 7,6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.