Фото: Pexels.com
Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті көлік құралдарын заңсыз тіркеу дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz
Анықталғандай, үш жыл бойы бір топ адам Арнайы ХҚКО қызметкерлерімен бірге көліктерді бастапқы тіркеуге арналған алымды төлемей, жалған тіркеу схемасын жүзеге асырып келген.
Схема делдалдар арқылы жұмыс істеген. Олар алымнан жалтарғысы келетін азаматтарды тауып, көліктерді жалған тұлғалардың атына рәсімдеп отырған. ХҚКО қызметкерлері ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткен.
Тергеу нәтижесінде 132 автокөлік заңсыз тіркелгені анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1,2 млрд теңгеден асқан. Іс барысында 273 млн теңге көлеміндегі алымдар ерікті түрде өтелді.
Сот үкімімен үш адам 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 7 автокөлік тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
