15 қаз, 2019 сағат 17:24

Алматы тұрғынының салыққа қарызы 1,8 млн теңгеге жеткен

Салық берешегін өтеген азаматтардың көпшілігі - Алматы қаласының тұрғындары, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2019 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша 334 127 жеке тұлға 7,9 млрд теңге көлемінде салықтық берешегін өтеп, 1,64 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылған.

«Қарыз өтеу бойынша Алматы қаласы бірінші орында (65 042 адам) болса, Ақтөбе (34 68 адам) мен Қостанай (28 975 адам) облыстары үздік үштікті түйіндеп тұр», - делінген хабарламада.

Төленген салық сомалары бойынша Алматы қаласы алда тұр. Қала тұрғындарының салыққа берешегі қазіргі уақытта 4 млрд 440 млн теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарында Алматы бойынша салық қарызы - 5,5 млрд теңге болатын.

«Жиналған салық қарызы бойынша осы аптадағы рейтинг көшбасшысы – Алматы қаласының тұрғыны. Ол көлік салығы бойынша 1 862 999 теңге көлеміндегі негізгі борыш сомасын төлеп, аталған сомадан 1,5 есе асып түсетін өсімпұл есептен шығарылды (2 745 000 теңге)», - дейді баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 3 - 10 қазан аралығында 21 275 жеке тұлғаның 74,8 млн теңге көлеміндегі өсімпұлы есептен шығарылған болатын.