11 қар, 2020 сағат 17:10

Алматы тұрғыны төрт ломбардтан 110 млн теңгені алдап алып кеткен

Алматыда 4 ломбардты 110 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Полиция департаменті мәлім еткендей, 31 жастағы алматылық мегополисте бірнеше ломбардты тақырға отырғызған. Ол жалған кепіл құжаттарын жасау арқылы 110 млн теңге тапқан. 

«Күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол өзінің «Кадиллак Эскалэйд» автокөлігінің VIN кодын өзгертіп, аталған көлікті басқа мемлекеттен елге енді ғана әкелінгендей етіп көрсеткен. Сонымен қатар көлікті бірнеше рет туыстарына және достарына тіркеген. Әрі қарай ол құжаттары жаңартылған көлікті ломбардқа апарып, автокөлікті көлік жүргізу құқығымен кепілге қояды. Қарапайым тілмен айтқанда, жоқ джиптің құжаттарын кепіл ретінде қалдырып, қомақты соманы иемденген. Осылайша алаяқ қаладағы төрт ломбардты алдаған»,– деді Алматы қаласының ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхамедәли Сейсенұлы. 

Қазір оның үстінен ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) іс қозғалды.