04 мам, 2021 сағат 11:33

Алматы полициясы қара топырақты ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады


Алматыда полиция қара топырақты ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы қалалық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп қоршаған ортаны қорғау жөніндегі алдын алу жұмыстары барысында жер топырағының құнарлы қабатының бақылаусыз айналымы фактілерін анықтады. 

«Алатау, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарының аумағында белгісіз тұлғалар рұқсат құжаттарынсыз қара топырақ, топырақ және балласт өндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған фактілер бойынша қалалық Полиция департаменті 2021 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады»,-деп хабарлады қалалық прокуратурадан. 

Заңсыз өндірілген топырақ негізінен құрылыс жұмыстары үшін шикізат ретінде пайдаланылады. 

Қазіргі уақытта барлық қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде.