02 там, 2021 сағат 20:44

Алматы облысының полицейлері жыл басынан бері 110 кг жуық есірткі заттарын тәркіледі


Алматы облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері бірқатар жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, бірнеше қылмыстық топтардың жолын кесті. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

«2021 жылдың алты айының қорытындысы бойынша, Алматы облысының аумағында есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың анықталу көрсеткіші 30,1%-ға төмендеді. 170 есірткі қылмысы, 98 есірткі сату фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 109 кг 412 гр түрлі есірткі заттары алынды, оның ішінде марихуана – 84 кг 523 гр, гашиш 16 кг 837 гр және героин 31 гр. Сондай-ақ 8 кг 12 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленді», – дейді Алматы облысы полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов.

Жұмыс жоспарына сәйкес, Алматы облысының аумағында 2021 жылы есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына байланысты 27 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.

«Нашақорлықтың алдын алу мақатында есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізуде. Атап айтсақ, семинарлар, ашық есік күндері, жұмыс кездесулері және спорттық жарыстар. Негізінде мұндай бағдарламалар студенттермен және оқушылармен өткізіледі. Осылайша біз нашақорлықсыз салауатты қоғам қалыптастырғымыз келеді», – деп атап өтті полиция полковнигі Қазбек Мұхамедов.