Алматы облысы полиция
департаментінің тәртіп сақшылары әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарын төлеу
тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облысы полиция
департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әкімшілік жаза айыппұл түрінде
қолданылған жағдайда, сіз жеті тәулік ішінде айыппұл сомасының 50% ғана төлеуге
құқығыңыз бар. Жеті тәулік өткеннен кейін айыппұл жаза қолданылған күннен
бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей ерікті түрде толық мөлшерде
төленуге жатады. Айыппұл екінші деңгейлі банктердің кассаларында, сондай-ақ
электронды төлем терминалдары арқылы, смартфонға бекітілген түрлі қосымшалар
арқылы төленеді», – дейді Алматы облысы полиция департаментінің әкімшілік
практика бөлімі басшысы, полиция майоры Саят Ибраимов.
Егер айыппұл төленгеннен кейін
автоматты түрде смартфоннан жойылмаса, онда төлем туралы түбіртек хаттама
жасалған жердегі немесе тұрғылықты жеріңіздегі әкімшілік тәжірибе бөліміне
ұсынылуы керек.
«Айыппұлды электрондық төлем
терминалдары арқылы төлеген жағдайда сіз хаттама нөмірін көрсетесіз, төлем
белгісі Республикалық деректер базасында автоматты түрде қойылады. Сондай-ақ
айыппұл төлеу туралы Әкімшілік практика бөлімдеріне хабарлау міндетінен
босатыласыз, төлемді тексеру үшін түбіртекті әкімшілік практика бөліміне ұсына
аласыз. Фото-бейне тіркеу жүйелерімен анықталған бұзушылықтар бойынша
айыппұлдың болуы туралы ақпаратты Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы ала
аласыз», – деп толықтырды Саят Ибраимов.
Айыппұл ерікті түрде төленбеген
жағдайда, материал қырық тәулік өткеннен кейін орындауға байланысты шығындар
үшін айыппұл сомасының 20%-ына қосымша ақы төлей отырып, мәжбүрлеп орындату
үшін сот орындаушыларына электрондық форматта автоматты түрде жіберіледі.
Айыппұлды уақтылы төлемеген адам жазаны орындаудан жалтарған болып есептеледі.