02 сәу, 2020 сағат 05:40

Алматы облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар басталды

Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда жасаған үндеуінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында белгілі болды, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

- Күні кеше ғана бәріміз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзін ықылас қойып тыңдадық. Өңірге, соның ішінде ең бастысы халыққа осы қиын кезеңнен қысылмай шығуға нақты көмек пен қолдау көрсету мақсатында көптеген шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар берілді. Қазір сол берілген тапсырмалардың біздің өңірдегі жергілікті жерлерде сапалы орындалуы аса маңызды. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде облыста қабылданған шаралар туралы халыққа кеңінен түсіндіру керек. Қабылданған шаралардың барлығы да облыс халқының денсаулығы мен өмірін сақтауға, қауіпті коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатуға бағытталып отырғанын әрбір тұрғынға ұғынықты жеткізу керек, - деді жиынды ашқан А.Баталов.

Өз сөзінде облыс әкімі «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде іске асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

- Бірлескен жұмысымыздың арқасында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жүзеге асыруды жоспарлаған жобалардың барлығы да қолдауға ие болды. Өңірге 109,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл өте ауқымды қаржы, оны тиімді игеруіміз керек. Түрлі жобалар жоспарланған аудандар мен қалалардың әкімдері сол жобалардың іске асырылуына дербес жауап беретін болады. Мысалы, осы қаржының есебінен біз 7 мектеп салуды жоспарлап отырмыз, соның 6-уы әрқайсысы 1500 орындық және 1 мектеп 1200 орындық болады. Оған қоса 5 аурухана саламыз. Дегенмен біздің басты міндетіміз – бағдарламамен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыз қалған азаматтарды қамту. Сондықтан да мемлекет өз азаматтарына көмектесіп, қолдау көрсету үшін қажетті қаржыны бөліп отыр Бұл - «Жұмыспен қамту жол картасының» негізгі мақсаты, - деп атап өтті А. Баталов.

Еңбекақыны тұрақты беру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ:

«Аудан, қала әкімдері еш жерде жалақы қарызының болмауын бақылауда ұстасын. Анықталған фактілер бойынша бірінші орынбасарым Лаззат Тұрлашовпен бірге бүгін нақты шаралар қабылдап, маған есеп беруді тапсырамын. Бұл ретте барлық ірі және орта кәсіпорындардың жұмысы тоқтамауы тиіс және де олар өнім көлемін азайтпауы керек. Ең бастысы, кәсіпорындардың басшыларымен бірлесіп, жұмысшылардың сол кәсіпорыннан ары-бері шықпай жұмыс істеуіне, облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысында айтылған барлық ұйғарымдардың сақталуына жағдай жасадық», - деді А.Баталов.

Жиында қазіргі кезеңдегі азық-түлік қауіпсіздігі, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру, халықты медициналық маскалармен қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібіне қойылып, нақты міндеттер белгіленді.

- Бұл жұмысты кешенді түрде шешіп, халықты жеке гигиеналық құралдармен қамтамасыз етулерің керек. Оны көшеде еріктілер тегін таратсын, шағын және орта бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру арқылы келісім жасаңдар. Тағы да қайталап айтамын, жұмыстың нәтижелі болуы әрқайсыларыңның бұл іске қаншалықты жауаптылықпен қарайтындарыңа байланысты. Мемлекет тарапынан осындай ауқымды қолдаулар жасалып жатқанда, қойылған міндеттердің барлығы өз деңгейінде орындалуы тиіс. Бөлінген қаржының бәрі орнымен, тиімді жұмсалуы аса маңызды. Оның нәтижесінде еңбекке қабілетті азаматтар тұрақы жұмыс орындарымен қамтылып, облыстың инфрақұрылымы белсенді дамытылуы тиіс. Облыста коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесі тұрақты бақылауда болсын. Барлық шектеу шаралары қатаң орындалуы керек, - деп сөзін қорытындылады А.Баталов.