19 мам, 2021 сағат 17:03

Алматы облысында малшы бірге ішімдік ішкен танысын өлтірген


Алматы облысында малшы ішімдікті бірге ішкен танысын өлтірді деген күдікпен ұсталды. 66 жастағы тұрғын қолы қан болып, иен далада қашып бара жатқан жерінен қолға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 мамыр күні түнгі сағат 00:10 шамасында Қарасай ауданының полицейлері арнайы шақырту бойынша оқиға орнына барған. Тәртіп сақшылары Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінде ер адамның денесін тапқан.

«Жедел-іздестіру шарасы арқылы полицейлер сол маңда қашып бара жатқан ер адамды байқаған. Бірден оның ізіне түсіп, ұстаған. Қолға түскен 66 жастағы азаматтың ішімдік ішкені анықталды және оның қолы қан болды. Таңертең есін жиғаннан кейін ол өзінің малшы болып жұмыс істейтінін айтты. Танысымен бірге ішімдік ішіп, сөзге келіспей, ас үй пышағымен оны өлтіргенін де мойындаған. Қылмысын жасыру үшін оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан, бірақ ойы жүзеге аспаған»,- делінген ведомствоның хабарламасында. 

Қазір айғақ зат тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.