02 там, 2021 сағат 18:12

Алматы облысында қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз әкетпек болғандар ұсталды



Шекарашылар қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз әкетудің жолын кесті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылғы 30 шілдеде ҰҚК Алматы облысы бойынша Шекара қызметі Департаментінің әскери қызметшілері «Іле Алатау» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қызылтамыр емдік өсімдігін заңсыз жинаған Еңбекшіқазақ ауданы Ақтоған елді мекенінің 1980 жылы туған «Ж» азаматын ұстады.

«Ұсталған адамнан жалпы салмағы шамамен 150 кг болатын қызыл кітаптық өсімдік салынған төрт қап табылды. Ұсталған адам мен заттай дәйектер одан әрі тексеру мен процесстік шешімдерді қабылдау үшін уәкілетті органдарға берілді» делінген ресми хабарламада. 



Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 8 шілдеде ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Саты» шекара бөлімшесінің аумағында қызмет атқару кезінде шекарашылар жалпы салмағы 300 және 150 кг болатын «Қызылтамыр» (Макротомия бояушы) қызыл кітаптық өсімдігін заңсыз жинаудың екі оқиғасының алдын алған болатын. Осылайша, шекарашылардың қырағылығының арқасында шекаралық аймақтың экологиясына залал келтіретін заңсыз іс-әрекеттің тағы бір рет жолы кесілді.