Алматы облысындағы Бәйсерке ауылында Күлімхан Шыбынтаева өзін ұлы мен келінінің жабылып соққыға жыққанын айтып шағымданды. Айтуынша, келіні үйге кіргізбей, суық ауа райында далаға қонуға мәжбүрлеген. Осының салдарынан кейуананың өкпесіне суық тиіп, ауырып қалған. Енді қария 1991 жылы ұлына сыйға тартқан үйді қайтаруға ниеттеніп отыр, деп жазады Sputnik.
Қарияның атынан бағдарламаға көмек сұрап туысы Әсел Мұхтарқызы келді. Жаздың соңғы айынан бері қарияға бас-көз болып, дәрі-дәрмегін алып беріп отыр екен.
"Ұят та болса да бұл жерге апамның жанайқайын жеткізуге келіп отырмын. Ол кісінің басындағы қиындықтар көкейімнен өтіп кетті. Осы жылдың 1 тамызынан бастап менің шаңырағымда тұрып жатыр. Әрине, мұндай жағдай болады деп еш күткен жоқпын. Менің алдыма тойлап, айттап келсінші деп ойлайтын едім. Бірақ мұндай жағдаймен емес. Келіні мен немересінен көк ала болып соққы жеп алақанының бәрі ауырып келді. Бұл маған өте ауыр тиді. Өмірімде басымнан көптеген қиыншылық өтті. Бірақ бұл оның барлығынан асып түседі. Жалпы апам өзі жүретін адам. Бірақ, келіні ұрған кезде тілін қатты тістеп алған. Басынан да ұрған екен. Түрінен шошып дәрісін алып бердім. Ол бала емес, үлкен кісі", — деді қарияның туысы Әсел Мұхтарқызы Қазақстан арнасының "Қарекет" бағдарламасында.
Ұлы мен немересінен таяқ жеген Күлімхан Шыбынтаева он құрсақ көтерген. Балаларының бірі қайтыс болған.
"Көрген қорлығымды айтып жеткізе алмаймын. Осыларды бір жапырақ нанмен байдың баласындай етіп бақтым. Балаларымнан мұнша қорлық көремін деп ойламаппын. Шалымнан бір шапалақ жесем арманым жоқ еді. Екінші қыз келіп тамағымнан қылқындырды. Тырнағы тамағымды қанатып жіберді. Содан кейін балам қылқындырды. Тамағымның қырылдап қалғаны содан. Келін құлағымнан бір қойып, кейін бәрі жара болып кетті. Олар жабылып мені өлтіретін шығар деп қаштым", — деді ол.
Әрі қарай кейуана келіні мен ұлы үйден қуып шыққандықтан, далада түнеуге мәжбүр болғанын айтты. Осының салдарынан суық тиіп, ауырып жатып қалған екен.
"Келін "Өзі өліп қалды деп айтамыз" дейді. Елдің бәрі есіктерін жауып алыпты, біреуі де мені кіргізбеді. Осының салдарынан ағаштың түбінде жүріп өкпеме суық тиді. Алжыған түгім де жоқ. Алжысам осылай сөйлеймін бе?! Лағып кетпеймін бе?! Үйден бездіріп отыр мені. Шама келгенше маған осы үйді алып беріңіздер. Мен одан да үйді жетім балаларға берейін. Осы үйге бола сыйға берген шапанымды да сатқан едім. Зауытта жұмыс істеп, мал өсіріп алған үйім. Балаларымның біреуі де хабарласпайды. Мені қолымдағы таяқпен де ұрған кездері болды. Осы баланы айдалада қой бағып жүріп туған едім", — деді қария.
Келіні қуып шыққан үйді қария 1991 жылы ұлының атына жаздырған.