Алматы облысының полицейлері адам өлтірді деген күдікке ілінген өзге ел азаматын Шымкент қаласынан іздеп тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы облысының Талғар ауданында болған адам өліміне қатысты күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары өтті. Оның барысында полицейлер 50 жастағы күдікті – Өзбекстан азаматын Шымкент қаласынан ұстады. Ол Талғар қаласына жеткізілді.
«Күдікті ретінде 1970 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Ол ішімдік ішіп отырғанда туындаған жанжал барысында танысына пышақ жарақатын салғанын және ол соның салдырынан көз жұмғанын мойындады. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамаққа алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты таратылмайды», - деді Талғар аудандық полиция бөлімінің бастығы Жанболат Зиадин.
Күдікті аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан із суытқан.
«Сонымен қатар, оқиғаның куәгері болған үшінші адам да қамаққа алынды. Қазіргі уақытта оған қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылды. Бұдан бөлек, күдікті деп танылған өзге мемлекет азаматының елімізге келуінің заңдылығы және немен айналысқаны толыққанды тексерілетін болады»,- деп толықтырды полиция полковнигі Жанболат Зиадин.