08 қаз, 2025 сағат 13:21

Алматы мен Бангкок арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Фото: ашық дереккөз

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Thai Air Asia X компаниясының бас атқарушы директоры Паттра Бусаравонгсе ханыммен кездесті, деп хабарлады Ult.kz.

Кездесуде Паттра Бусаравонгсе 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Алматы мен Бангкок арасында аптасына төрт рет тікелей рейс ашу жоспарымен бөлісті. Ұшулар Airbus A330 ұшағымен орындалмақ.

Сонымен қатар, Thai Air Asia X Алматыдан Еуропаның Берлин (Германия) және Манчестер (Ұлыбритания) қалаларына «ашық аспан» режимі аясында, «әуе еркіндігінің» 5-ші дәрежесін пайдалана отырып, рейстер ашуға қызығушылық танытты.

Көлік министрлігі өз кезегінде шетелдік компанияға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа бағыттар туризм мен іскерлік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екі ел арасындағы қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосады.

Thai Air Asia X – Тайландтың орта және ұзақ қашықтыққа ұшатын халықаралық әуе компаниясы. Ол Жапония, Корея, Үндістан, Австралия, Иран, Оман және басқа да елдерге рейстер орындайды. Компанияның әуе паркі тоғыз Airbus A330 ұшағынан тұрады.