27 жел, 2019 сағат 10:06

Алматы маңындағы ұшақ апаты: қаза тапқандар саны 15 адамға жетті

Алматы маңында болған ұшақ апатынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Оқиға орнында 14 адам қаза тапты, тағы біреуі ауруханада көз жұмды", - деп мәлімдеді шұғыл брифингте Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Бүгін таңғы жетіде Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай радардан жоғалып кетті. Ұшақ Талғар ауданындағы елді мекенге құлаған. Лайнер "Бек Эйр" әуе компаниясына тиесілі.

Ұшақ бетон қоршауын бұзып, екі қабатты ғимаратқа соғылған. Шұғыл түрде құтқару жұмыстары басталды. Өрт болған жоқ.

Қазір оқиға орнында құтқарушылар, медициналық қызметтер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Үкімет басшысы басқаратын комиссия апат орнына ұшып шықты.

Апаттан кейін Fokker 100 типтегі ұшақтарды пайдалануға уақытша тыйым салынды.