Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбеков әуе апатында зардап шеккен Ұлттық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Реанимация жағдайында бақылауда. Екеуі де есін жиды»,- дейді Сағи Бейсенбеков.
Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы АН-26 әскери ұшағы радардан жоғалып кетіп, Алматы әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.
Ұшақта болған 4 адам қаза тапты, 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, құзырлы орган өкілдеріне зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырғанболатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.