23 сәу, 2021 сағат 14:05

Алматы қаласының прокуроры қала тұрғындарына үндеу жасады

Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев әлеуметтік желілерде тараған жоспарланған санкцияланбаған митингке байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласының прокуратурасы мұндай акциялар өткізілген жағдайда қатысушылардың іс-әрекеттері «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді. 

«Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары! Әлеуметтік желілерде жеке тұлғалар Алматы қаласында 2021 жылғы 24 сәуірге жоспарланған санкцияланбаған митингке қатысуға шақыруды таратуда. Қала әкімдігі акцияны ұйымдастырушыға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупінің сақталуына және бас санитарлық дәрігердің бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салуына байланысты оны өткізуден бас тартты. Алматы қаласының прокуратурасы мұндай акциялар өткізілген жағдайда қатысушылардың іс-әрекеттері «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді», - деліген прокурордың үндеуінде.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары тәртіп бұзушыларға әрекет етуге және шаралар қабылдауға міндетті болады.

«Осындай акцияларға шақыру, ұйымдастыру және қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік туындайды. Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бас санитарлық дәрігердің талаптарын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Егер заңсыз акция өткізу жаппай ауруға немесе коронавирустық инфекцияны жұқтыруға себеп болса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамын», - делінген Берік Жүйріктаевтың үндеуінде.