Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда екі есеге өсті, ал қала тұрғындарының саны үштен бірге артты. Бұл туралы «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарын жүзеге асыру қарқынын талқылау бойынша арналған дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дөңгелек үстел жұмысына қала басқармаларының басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай ауданды дамытудың басым міндеттері үздіксіз сумен, электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету екенін айтты.
Бүгінде Наурызбай ауданы 30% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Тағы 20% 36 ұңғымадан су алады. Халықтың қалған 50%-ы Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы, Таужолы, Тастыбұлақ, Ақжар, Қарғалы шағын аудандарын қамтитын Қарғалы және Ақсай өзендерінен ашық су тартудан суды пайдаланады.
Санжар Тоғай «Жаңа Алматыны» дамытудың Кешенді жоспары аясында орталықтандырылған сумен және су бұрумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 131,6 шақырым су құбыры және 74,5 шақырым кәріз құбыры салынғанын жеткізді.
2022-2023 жылдары тағы 74,5шақырым су құбыры мен 35,7 шақырым кәріз құбырларын салу жұмысы аяқталады.
«Ауданда Қарғалы өзенінде жаңа су дайындау станциясының құрылысы басталды, келесі жылы жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде «Қарғалы» тазарту станциясы тәулігіне 4 мың текше метр су өндіреді. Жобаны іске асырғаннан кейін өндірістік қуат тәулігіне 15 мың текше метрге дейін ұлғайтылады. Екінші «Ақсай» тазарту станциясы тәулігіне 22 мың текше метр су өндіреді», - деді аудан әкімі.
Тастыбұлақ, Құрамыс, Қарғалы, Таужолы және Жайлау шағын аудандарында инженерлік желілерді тарту жұмыстары толық аяқталды.
Жағдайды жақсарту және аудан тұрғындарын коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 34 шақырым кәріздік коллектордың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі шешім маңызды болды, Коллектор қолданыстағы үй құрылыстарынан және қосылған аумақтарда, сондай-ақ Алатау ауданының аумағынан қосымша салынып жатқан сарқынды суларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі С. Тоғай 778 шақырым газ желілерінің тартылғанын, тұрғындардың газбен 98% қамтылғанын айтты.
«Өткен жылы әкімдіктің қолдауымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұратын 46 үй газ жүйесіне қосылған болатын. Бұл тәжірибе 2021 жылы да жалғасын тапты, тек меценаттар есебінен мұқтаж 20 отбасының үйлері газдандырылды», - деді Санжар Тоғай.
Қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту бизнеске тиісті инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері берілетін индустриялық аймақты дамытумен тығыз байланысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда екі есеге өскенін және қала тұрғындарының саны үштен бірге артқанын тілге тиек етті.