29 шіл, 2021 сағат 13:54

Алматы кафесінде даяшыны ұрған адам видеоға түсіп қалды


Желіде Алматыдағы кафелердің бірінде өзіне қызмет көрсеткен даяшыны ұрып жібрген ер адамның видеосы тарап жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бақылау камерасынан түсірілген кадрлардан даяшы байқаусызда су құйылған ыдысты түсіріп алғаны көрінеді. Су үстелде отырған келушілердің біріне шашырап кетеді. Бұған жауап ретінде ер адам даяшыны бетінен ұрады.

Алматы қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов болған оқиға бойынша түсініктеме берді. 

«Интернетте ер адамның үстіне сусын төгіп алғаны үшін даяшыға қол көтергені таспаланған видео барлығын таңғалдырды. Біз бірден тексеруге кірістік, нәтижесінде даяшыға қол көтерген ер адамның кім екенін анықтадық. Бүгін 1992 жылы туған У. есімді азамат ұсталды. Қазіргі кезде ол Медеу ауданының Полиция басқармасына тергеу амалдарына қатысу үшін жеткізілді. Кінәлі жауапқа тартылады», - деп жазды өзінің Instagram желісіндегі парақшасында Рустам Әбдірахманов.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш фактінің Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 1-бөлім 293-бап бойынша тіркелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады.