09 мау, 2020 сағат 17:13

Алматы блокпостында қаза тапқан полицейлерге қандай көмек көрсетіледі?

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы блокпостында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қызметтік міндетін өтеу барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жерлеу шығындары өтеледі. Ол 400-ден 500 мың теңгеге дейінгі мөлшерде болады. Сонымен қатар қаза табуына байланысты бірретік өтемақы беріледі. Жанғазиевке шамамен 10 млн, Әбдіқановқа 7,5 млн теңге беріледі. Біздің қызметкерлеріміздің барлығы сақтандырылған. Сондықтан әлеуметтік қорғау органдары тарапынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылуына байланысты оның балаларын асырауға төлем қарастырылған», - деді Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Министр бүкіл елімізді дүр сілкінткен осы оқиғаға байланысты Алматыға барып, қаза тапқан екі қызметкердің отбасыларына көңіл айтқанын атап өтті. 

«Өйткені олар біздің үздік қызметкерлеріміз еді. Қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар 78 тәулік бойы күні-түні аталған блокпостарда, іс жүзінде отбасынан шалғайда жүрді. Сонымен қатар қызметтік парыздарын соңына дейін атқарды. Олар Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта Алматы әкімдігі тарапынан олардың отбасына баспана бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Жанғазиевтің артында әйелі мен екі баласы қалды. Жұбайы дәрігер, ол да осы күндері ауруханада жұмыс істеді. Таяуда шаңырақ көтерген Әбдіқановтың баласының дүниеге келгеніне бір ғана ай болды. Ол да жас отбасы, ата-анасымен бірге тұрып келген. Екеуінің де жекеменшік баспаналары болмаған. Сондықтан әкімдікке өтініш жасадым. Қала әкімі шешім қабылдады. Таяу уақытта баспана мәселесі шешіледі деп ойлаймын», - деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар министр осы оқиға кезінде жарақат алып, бірнеше күн бойы аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан үшінші қызметкердің өмірі үшін арпалысып жүрген дәрігерлерге ризашылығын білдірді. 

«Оны жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырды. Денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», - деді ол.