Фото: ҚР ТСМ
Әзербайжанның Гянджа қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиынға Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибов, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан спорт ведомстволарының басшылары мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Кеңес қорытындысында бірлескен жобалар, халықаралық спорттық іс-шаралар және елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері қаралды.
2024 жылғы 12 сәуірде ТМД Сыртқы істер министрлері Алматыны 2026 жылдың ресми спорт астанасы деп жариялау туралы шешім қабылдаған болатын.
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетовтің айтуынша, Алматы бұл мәртебені лайықты атқаруға толық дайын:
-
қалада 3 мыңнан астам спорт нысаны бар;
-
«Алматы Арена», «Халық Арена» сияқты заманауи кешендер жұмыс істейді;
-
халықаралық деңгейдегі «Сұңқар» шаңғы трамплиндері орналасқан.
«ТМД спорт астаналары» бағдарламасы аясында Алматыда түрлі халықаралық форумдар, спорттық жарыстар, жастар мен инклюзивті жобалар өткізілмек.
Айта кетейік, 28 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Әзербайжанда ТМД-ның III Ойындары өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы 18 спорт түрі бойынша бақ сынауда.
