5 қаңтардан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімі басталды. «Алмас қылыш» фильмі көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісі бойынша түсірілген. Сценарийін жазған – жазушы Смағұл Елубай.
«Алмас қылышты» түсіруге екі жылға жуық уақыт кетті.
Тарихи жобаның авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Centaurus Rustem Abdrashev production ЖШС қатысуымен түсірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалаған фильм көрерменге жол тартты.
Әзірге фильм туралы көрерменнің көзқарасы екіге жарылып тұр: жоғары баға бергендер де, кемшілігін түзіп тергендер де бар. Жалпылама көпшіліктің тарихи туындыға көңілі толған секілді. Ал тарихшылар мен кино сыншылардың арасында көңілтолмаушылық байқалады. Дегенмен «Алмас қылыш» көпшіліктің көптен күткен жобасы екені анық. О баста киносериал ретінде басталған жоба неге көркем фильмге айналды деген де пікірлер айтылған. Фильм авторлары бұның «Қазақ елі» телесериалының кино нұсқасы екендігін айтып жатыр.
Шүкір! Тәубе!
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыппен «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесерінен кейін кезіккенімізде «Шүкір! Тәубе!» деп ағынан жарылып, ақтарылған еді. Ақыннан: «Бұл фильмнен халқыңыздың табиғи әз кейпін көріп, тани алдыңыз ба?» деп сұрағанбыз.
– Көрдім, көрдім. Таныдым, қарғам! Өйткені бұған көмектескен күні кешегіміз. 1986 жылғы өз алаңымыздағы жанталасымыз. Халықтың рухани тұншығуы. Бұл кейіпті біз ғана кешкен жоқпыз. Бүкіл қызыл империя құрамындағы елдің бәрі бұл кейіпті бастан өткерді. Орыстың өзі де сол империяның құрбаны болды. Осының бәрін көзіміз көрді. Осы фильмнен кейін «Алмас қылыштың» авторы Ілияс Есенберлинді ұлы жазушы деген ойға келдім. Фильмнің сценарийін жазған Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш, Тимур Жақсылықов Ілекеңнің «Алмас қылыш» романын негізге алған екен. Әрі өте дұрыс таңдау жасаған. Өйткені осы тұста Керей мен Жәнібек қана империядан бөлінген жоқ. Бір жағынан Жалаңтөс бастаған атауы қазақ қандастарымыз, бір жағынан қарақалпақтар, бір жағынан өзбек тайпалары бас-басына қарай шетке ығыса бастады. Оған Шыңғыс ханның ұрпағы Шайбанидың әмірі жүрмей қалды. Сондықтан осы тұста қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің кейпін көрдім. Шын тумысында, талант-тағлымында үлкен тұлғалық бейнесін көрдім. Олардың халқы үшін, оның бостандығы үшін жанкешті тірлігін көрдім. Осы орайға келгенде, әр нәрсе негізіне тартады ғой. Баяғыдан бері қазақ киносына көңіліміз толмай жүрсе, сенбей жүрсек, оның себебі, олардың көбі өтіріктің топырағында туындағаны. Жалғандық басым. Біз көсіліп айта алмадық. Негізгі бет-пердемізді аша алмадық. Сондықтан осыған дейін қойылып келе жатқан тарихи фильмдердің дұрыс шықпағанының бір себебі, осында жатса керек. Бірінші рет, біздің (біз дегеніміз – өткен ғасырдың 30-40 жылы дүниеге келген ұрпақ, яғни, өз қатарластарым) өмірімізге үңіліп қарап, «Е-е, біз осындай адам болған екенбіз» деп бетпердемізді сыпырғандай болып отырмын. Өзімнің бейнеме кино арқылы қарасам, өте аянышты. Өте бейшара қалыпта. Бірақ бақыттың нышаны білінетін сияқты. Ол нышан бізге, яғни, біздің ұрпаққа не үшін керек? Тыныш өлуге, артқа алаңдамай кетуге септігін тигізетін сияқты. Тәуелсіздіктің өз мән-мағынасына келе жатқандаймыз. Осы киноны көріп, шүкір дедім. Шүкір! Тәубе!
«Алмас қылыш» – ұрпаққа керек кино!
Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы осылай дейді:
– «Алмас қылыш» фильмін Алматыдағы алғашқы көрсетілімінде көру нәсіп болды. Ол туралы жұрттан сүйінші сұрап жаздым да. Он бөлімді телесериал етіп түсіргенін жақсы білеміз. Бұл кино соның сығымдалған, жинақталған, ықшамдалған қалыбы. Өздеріңіз де білесіздер, осы кезде «Абай», «Көшпенділер», «Қан мен тер», «Қылмыс» секілді көптомдықтарды жастардың оқуы өте сирек. Жалықпай оқитын жақсы әдет бізбен аяқтала ма деп қорқамын. Ендеше, осындай кезеңде Ілияс Есенберлиннің үш томын жеке-жеке үш киноға айналдырып көрсетсе, ұтымды тәсіл болар еді. Жастардың киноға деген қызығушылығы жоғары, оны тиімді пайдаланып, тәлім-тәрбиені көркем кино арқылы жүргізген ыңғайлы болып тұр. Фильм жарыққа шыға салысымен жоғары-төмен пікірлер қарша борады. Соның бір парасы, тарихилығы, деректердің азын-аулақ ауытқуы деп жатыр. Бұл жоба деректі фильм емес, тіпті тарихи оқулық емес. Тарихтың ізімен түсірілген Қазақ елінің қалыптасу кезеңін тұспалдаған көркем дүние ғана. Бүге-шігесіне дейін айтып, көрсетіп отыру киноның уақытына сыймайды да... Оның үстіне, режиссерлік қиял, көркемдік шешім деген бар. Осы жағдайларды есептегенде, артық өкпелеп, айыптай жөнелу дұрыс емес. Осы күнге дейін тәуелсіздіктің арқасында бірнеше ұлттық бағытта кино түсірілді, қарап отырсақ, деңгейі әртүрлі. Мынау «Алмас қылыштың» ауқымы өте үлкен, айтары кең мазмұнды қамтып жатыр. Мемлекеттің, «Қазақфильмнің» барын салып кіріскені анық көрінеді. Бас-аяғы екі жылға созылса да, шынайы ұлттық кино жасауға тырысыпты. Шығарма шымыр, көріп отырғанда арқаң шымырлап, әсерлі сезімге бөленесің! Тіпті кей тұстарына келгенде, көзіңе жас алып, алқымыңа өксік тығылады. Себебі, қазақтық қанымызды тасытатын, жүрегімізді толқытатын қазаққа тән ұлттық сезім киноға сіңірілген екен. Ендеше, режиссердің, сценарий авторының, актерлердің бойында бұлқынған бұла күш бар. Ол күш қазақтарға жақсы дүние шығару болса керек! Ол мақсаттарына жетіпті, жаңалығы басым жас актерлер көзге түсті, үлкен образдарды сомдаған артистер жарқырап көрінді. Тәуелсіздігімізді аспаннан түсе қалғандай көретін тар өрісті адамдар үшін, арғысын айтпағанда, 550 жылдан бергі жан алып, жан беріскен қантөгістер мен қиянкескі шайқастар тектен-текке болмағанын сезіндіреді. Қазақ хандығының құрылып, көк тудың астына жиналған ру-тайпалардың бас құрап, ұлт болуы нанымды баяндалған. Ал енді территориясын кеңейтіп, ұлан-ғайыр даланы қамтып, тұтастыққа жетуі – бөлек фильмнің еншісінде деп білемін. Шайбанилер әулетінен бөлініп шығып, Шу-Талас өңірінен басталған елдіктің ерлік қадамдары бүгінгідей алып елдің негізін қалағаны ақиқат. Моғолстан елін тек қана ұйғырдың хандығы деп кесіп айту қате. Астанасы Алмалы (қазіргі Құлжа маңы) болғанымен, ол тұтас ұлы жүз ру-тайпаларының, Жетісу жерін, анау Тұрпанға дейінгі ұланбайтақ территорияны бауырына басып жатқан болатын. Әрі билік басында, тақта отырғандар ұйғыр емес, Шыңғыс хан тұқымы екені анық. Ендеше, қазақ хандығын ұйғырдың қолтығына кіргізген деген жаңсақтық болады. Фильмде бірнеше тайпаның аты қаттырақ аталып кетсе, ол сол кездегі тарихи жағдай. Жетісу жеріне келген соң, Жетісуды мекен еткен елдің аты аталмай, кім аталушы еді?! «Көшпендінің» көші жүре түзіледі. Бір кино тұтас қазақ әлеміне кепіл емес. Өз байқауым бойынша, жақсы дүние жарыққа шықты. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, көп әңгіме айта беруге болады, дегенмен енді ғана 25 жылымызды атап өтіп жатқан балаң мемлекет үшін бұл «Алмас қылыштың» алар орны жоғары. Арнайы білім мекемелері мектеп оқушыларына, ұстаздарға біртұтас көрсетуге бұйрық бергеннің артықтығы жоқ. Жастарды жігерлендіруге, ұлттық сезімін тасытуға таптырмайтын кино екені анық!
«Көшпенділерден» кейінгі атышулы жоба
Мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы «Алмас қылыш» фильмінің кейбір олқы тұстарын талдап берген еді. Оның пікірінше, фильмнің жақсы жақтары да, кемшіліктері де жоқ емес.
Ол: «Туынды Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. Тақырыптың маңыздылығына күмән жоқ. Жалпы, тарихи киноларда кейіпкерлердің өлмейтінін біліп тыныш отырасың. Бірақ соған қарамастан, сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдіраш) барынша интрига тудыруға тырысқан. Сарай маңы эпизодтардың драматургиясы мығым: Әбілқайыр мен қос сұлтан арасындағы шиеленіс, саяси ойындар нанымды.
Хан шатырындағы көріністе Әбілқайыр мен Жәнібектің немесе аңшылық эпизодында Әбілқайыр мен Керейдің сөз шарпысуында ымдап ырғасатын өткен дәуірдің ірілігі бар. Бірақ одан әрі фильм драматургиясы сол шиеленісті ұстап тұра алмады.
Кинодастанның негізгі идеясы, ешкімге бағынғысы келмеген, «әркімнің қолында қылыш боп ойнаған» батыр қазақтың рухын көрсету. Туындының өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ ылғи да қазақтар тығырыққа тіреледі.Біреуінде ғана табан астында арбалардан қорған құрып, құндақтаулы сәбиімен садақ кезенген аналар, шауып бара жатқан атқа теріс отыратын мергендер, ойраттың қылышын қақ жаратын алмас қылыштар, жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға тойтарыс беру өнері орынды көрсетілген. Бірақ техникалық тұрғыда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда түсірілген фильм сияқты. Он шақты ойрат он бес шақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт та әрі кетсе жүз шақты адам. Масштаб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам жалдап оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді, түсінікті. Бірақ «Трояны», не «Батыл жүректі» қарасаңызшы, бес адамды бес жүз мың әскер қып көбейтеді ғой. Біздің графистердің бар қолдан келері «инстаграмның» бұлдыратуындай ойға сымайтын түстерге бояу ғана. Көрермен соны байқамай қалады деп ойлай ма?
Фильмде бірнеше метафора бар. Ол – Әбілқайырдың тордағы құсы. Әбілқайыр, ашуланып кеткен Қобыландының артынан, «Қайда барар дейсің, айналып қазығын табады» деп тұрғанда, тордағы құсы ұшып кетеді. Демек, қазақты да, Қобыландыны да уысынан жіберіп алды деген сөз. Бұл әдемі оқылады, басқа кейбір метафоралары сәтсіз. Мысалы, көшіп келе жатқан қазақтар жолдағы құдықтан су ішеді. Оны «азаттықтың дәмін татты» деп келтіреді кадр сыртындағы дауыс. Бірақ оператор, неге екенін, бұл эпизодты қазір бір жаманшылық болғалы тұрғандай түсіреді. Немесе жолда туған бала, Шалкиізді алыңыз. Оны «қазақтың азаттығының даусы еді» деп сипаттап алып, шешесі өлгенде ноғайларға беріп жіберетіні несі?
Актерлердің ойынында театралдылық басым. Кейде ойлаймын. Мүмкін, «бұл – қазақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы» деп «заңдастыра» салу керек шығар? Өйткені осы театралдықтан ешқашан құтылмайтын түріміз бар. Тіпті театрдың сахнасын көрмеген актерлеріміз сонымен ауырады. Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жөнелгенде, Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық. Мұрнының астымен сөйлейтін Рабиябегімнің (Қ.Мұхамеджанова) көзін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Кемалов), әр сөзінен кейін пауза керек деп санайтын Саид (Б.Әбділманов) екіұдай әсер қалдырады. Досхан Жолжақсыновтың Әбілқайыры өзін өте әккі, ақылдымын деп ойлайтын, бірақ қартайып, әлі кеткен билеуші. Ниязбек Шайсұлтановтың Мұхаммеді тым эмоционалды, Мейірғат Амангелдиннің Қасымы нәзіктеу көрінгені рас. Есесіне Мәдина Есманованың Жаһанбикесі ұнамды, Арман Әсеновтің Қобыландысы есте қалады. Еркебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады.
Кинодағы бағалы нәрсе – Құранның көрсетілуі
Тарихи туындыға тарихшылардың берген бағасы қандай? Белгілі тарихшы Талас Омарбеков «бұл фильмнің рухани жағынан маңызы зор екенін» айтады.
– Киноны бастан-аяқ тамашаладыңыз. Бұл фильм несімен ұнады? Тарихшы ретінде, қандай кемшіліктерді байқадыңыз?
– Бұрын барлық киноларымызда исламнан қашып келдік. Ал «Алмас қылышта» керісінше. Керей таққа «бісмілләсын» айтып барып отырады.
Қазақ хандығының ресми діні ислам болатын. Міне, сол себепті бұл рухани жағынан тәрбиелік маңызы зор кино дер едім. Қазақтың болашақ жастарына, дінді дұрыс түсінбейтін, исламды бұрмалап жүрген адамдарға «Ислам діні халқымызға не үшін қажет болды?»,«Діннің маңызы неде?» деген мәселенің түп-тұғыры осы кинодан басталады. Бұл кинодағы бағалы нәрсенің бірі – Құранның көрсетілуі. Құранның қоғамдағы орны айтылған. Ислам діні Қазақ хандығының ресми идеологиясы болды. Алайда бұл біздің бұрынғы киноларымыздың ешқайсысында көрсетілген жоқ.
«Алмас қылышта» алты сан Алаштың қалыптасу дәуірі көрсетілген. Ру-тайпа атаулары дұрыс берілген. Алаштың ұран болғанын фильмде қайта-қайта көтермелеу тарихи шындыққа сәйкес келеді. Қазақ алғашқы кезде Алаш қауымдастығына бірікті, кейін алты сан Алаш деген атпен жүрді. Міне, осындай қазақтың қалыптасу жолы осы кинода жақсы көрсетілген. Бұл фильмнің болашақ жастарымызды тарихи санамен тәрбиелеуде, ұлттық рухымызды көтеруде, Мәңгілік ел боламыз деген қағидамызды ұстануда алатын тәрбиелік, саяси орны орасан зор. Кинода қазақтың делебезін қоздыратын, ұлтты көтеретін рух бар. Сондықтан бұл киноны бәріміз қолдауымыз керек.
Кинода сәл ойланың қырайтын нәрсе бар. Ол – Қазақ этнонимінің қолданылуы. Бастапқы кезде алты сан Алаш қауымдастығы шықты. Абылайдың кезінде он сан Алаш болды. Керей мен Жәнібек көшкеннен, шайбанилықтар өзбек атанады да, қазақтарды солармен шатастырмау үшін өзбек-қазақ деген термин қолданған. Сондай өтпелі атау болған, оларды бірден қазақ атамаған. Ал фильмде Әбілқайыр бізге «қазақтар» деп жатыр. Шын мәнінде, ол кезде қазақ этнонимі әлі қалыптаспаған болатын. Егер Қасым мен Бұрындыққа арнайы тоқталып, киноны жалғастырар болса, олардың өзбек-қазақ атанғанын ескеру керек.
– Фильм басталғалы ел арасында түрлі пікір бар. «Фильмде қазақтар өзбектен бөлініп, ұйғырларды паналаған секілді көрініп қалыпты» деген пікірге қарсы айтарыңыз қандай?
– Бұл ұйғыр деген этнонимнің қайдан шыққанын білмейтін адамдардың пікірі. Ұйғыр этнонимі ІХ-Х ғасырлардағы Ұйғыр қағанатының құрылуына байланысты шыққан. 840 жылы Ұйғыр қағанатын қырғыздар талқандап, ұйғыр этнонимі тарих сахнасынан өшкен. Шыңғыс ханның кезінде ұйғыр деген халық мүлдем болған жоқ. Ұйғыр этнонимі мүлде ұмытылып, оның орнына тараншылар, қотандықтар, қашқарлықтар деген қауымдастықтар келді. Бұларға ұйғыр атауын берген Кеңес өкіметі болатын. Сондықтан ХV ғасырдағы Қазақ хандығы ұйғырларды паналады деген бос сөз.
Фильмде көрсетілген тараншылар – ұйғырларды құраған қауымдастық болғанымен, олар бұрынғы Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығып, Қашқар, Тибетті паналаған халықтардың қалдықтары. Фильмде ұйғыр деген атау жоқ, тараншылар деп қолданады. Тараншылар ұйғырларды құраған үш қауымдастықтық бір тобы ғана. Сондықтан оны жеке халық деп қарастыруға болмайды. Тараншыны қазақ кейде сарт деген. Олар – Бесбалық деген қаланың төңірегінде өмір сүрген халық.
– Тағы бір түсініксіздеу тұсы, төрелердің барлығы бір Шыңғыстың ұрпақтары бола тұра Моғолстан мен Әбілқайыр хандықтарының билеушілерінің киімдері неге өзгеше? Біздің сұлтандардың бастарында мұрақ, ал оларда ала сәлде. Неге бұлай?
– Моғолстанның оңтүстік өңірлерінде исламның ықпалы күшті болды. Өйткені Түркістан өңіріне Қожа Ахмет Яссауидің сопылық ілімі ықпал жасады. Бұл – нақшбандия сопылары дамытқан ілім. Нақшбандия деген – осы сопылық ілімді негіздеген кісі. Сопылық ілімнің ықпалына Қасым хан да, Бұрындық та қатты түскен. Қазақ хандары осы сопылық ілімнен рухтанған. Қазақ хандарының қасында қожалар рухани кеңесші болған. Біздің қазақ руларының көбінің шежіресі қожалардан басталады ғой. Оның себебі, қожалар Қазақ хандарының жанында отырып, қазақтың шежіресін жазған. Осылайша, қожалар біздің рулық шежіремізге ықпал етті.
Сайрам, Түркістан өңіріндегі қайраткерлердің бастарына сәлде орап, мұсылманша киінуі өте дұрыс. Бұл жерде фильмді көркемдеуші – суретшілер өте орынды шешім жасаған. Бізге ислам сол жақтан келді. Қазақ хандары ислам дінімен өмір сүрді. Ислам діні Қазақ хандығын біріктірді. Оның ішінде сопылық ілім күшті болды. Қазір Яссауиді ешкім насихаттамайды. Бірақ нақшбандия сопыларының ілімі Қазақ хандығының рухын көтеретін рухани құрал болды.
– Фильмдегі ноғайлар туралы не айтасыз? Ноғайлардың Қазақ хандығына қосылуы жайлы көріністер шынайы тарихпен қабыса ма?
– Өте дұрыс. Өйткені олардың өлеңдерінен ноғайлының сарындары естіледі. «Едіге батыр», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық батыры» жырларының бәрі ноғайлы жырлары деп аталды. Коммунистік партия кезінде ноғайлы жырларына тыйым салды. Өйткені Ноғайлы хандығы Мәскеуге қауіп төндірген. Ноғайлылар кімдер? Олар кейін Қазақ хандығына қосылып қазақ болған халық. Ноғайлылар көрнекті қайраткер Ноғайдың атымен аталған. Кіші жүз руларының үштен екісі ноғайлының қол астында болған. Сондықтан ноғайлының бірде қазақ, бірде ноғай, бірде маңғыт болып жүрген кездері көп. Маңғыт деген – ноғайлы. Қарақалпақтардың түп тамыры маңғыттардан шығады. Ал маңғыттар ноғайлы бірлестігінің ең күшті руы болған.
Есенберлинде Қазақ елі жоқ, қазақтың рулары бар
Тарихшы Берекет Кәрібаев фильмді Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышымен, салыстыра отырып көргенін жасырмады.
– Қазақ хандығының құрылу тарихының әрбір эпизоды есімде. Сол себепті «Алмас қылыш» фильмін сонымен салыстырып отырып көрдім. Киноның желісі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде алынған екен. Есенберлиннің бұл кітабы 50-60-жылдары өте керемет шығарма болды. Себебі, ол жылдары қазақтың ортағасырлық тарихнамасы сол деңгейде болатын. Алайда одан бері жарты ғасыр, алпыс жыл өтті. Алпыс жылда біздің тарих ғылымы дамыды, бұрынғы концепциялар ескірді. Ол Есенберлиннің кінәсі емес. Тарих ғылымының жеткен жетістігі сондай болатын.
Орыс мемлекеті қалай құрылды? Шашыраңқы орыс княздықтарының негізінде құрылды. Есенберлинде де сондай, қазақ халқы, Қазақ елі жоқ. Бірақ қазақтың рулары бар. Солардың бәрін біріктіріп барып қазақ халқы құрылды дейді. Олай емес. Әбілқайыр хан болған кезінде Маңғыт, Шайбан және Орда Ежен деген үш ұлыс болды.
Әбілқайыр 1457 жылы Өзтемір бастаған ойраттардан жеңілді. Осы шайқасқа дейін Әбілқайырдан Маңғыт ұлысы бөлініп кеткен. Маңғыттың Нұраддиннен туған ұлы Уақас деген биі болған. Уақас пен Әбілқайыр екеуінің достығы керемет болған. Уақас би Әбілқайырды үш рет таққа отырғызған. Алайда 1449 жылы Уақас би өлгеннен кейін ұлдары Жаңбыршы, Хорезми бек, Мұса Әбілқайырдың қол астында болғысы келмей, іргесін бөлек салады.Бұл – Әбілқайыр мемлекетіндегі бірінші бөлініс болатын.
Ал екінші бөлініс 1457 жылы болған. Фильмде кейбір оқиғалар алмасып кетіпті. Алғашқы эпизодта Керей мен Жәнібек ойраттармен соғысып жатыр, екі батыр ма десем, екі сұлтан екен. Осы кезде ойраттар Әбілқайырдың үш жасар немересін аманатқа алып кетеді. Бұған Шайбан ұлысының ішінен Береке сұлтан қарсы шығады. Хиуа хандығының арғы аталары осы Береке сұлтаннан таралады. Береке сұлтан: «О заманда бұ заман хан кәпірге баласын аманатқа бермейді. Хан Алланың жердегі көлеңкесі» деп Әбілқайырға өкпелеп, Жәдігерді хан қылады. Себебі, Өзтемір мұсылман емес болатын. Сөйтіп, Шайбан ұлысы екіге бөлінеді.
Ал Керей мен Жәнібектің бөлінісі мүлдем басқаша. Сондықтан фильмді Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіргенінен бастап оқиғаны дамыту керек еді. Қазақ даласындағы ру-тайпалық талас арғын Ақжол биді Керей мен Жәнібектің, Қобыландыны Әбілқайырдың қолдап отырғанынан басталды. Сөйтіп, екі арадағы дау-дамай жарылысқа алып келу керек еді.
Сосын тағы бір мәселе – жер туралы. Моғолстанның ханы Есенбұға Керей мен Жәнібекті жақсы көргеннен жер берген жоқ. Оның да жағдайы мүшкіл болатын. Қалмақтар алқымынан алды, туған інісі ағасымен араз болды. Фильмде сол жағын да көрсету керек еді. Жалпы деректерде Бұрындық Керейдің жалғыз баласы болғаны айтылады. Ал Жәнібектің Қасымнан басқа тоғыз ұлы болған. Бәрі сұлтандар, батырлар еді. Соларды да кинода көрсетсе, тамаша болар еді.
Географиялық жағынан келгенде Моғолстан мемлекеті Шығыс Түркістан, Қырғызстан және қазіргі Жетісу секілді үш тарихи аймақтан тұрды. Осы үшеуі Моғолстан деп аталды. Керей мен Жәнібек Моғолстанға барды деп айтылғанмен, олар Жетісуға келді. Кейін ХVІ ғасырдың 40-50 жылдары Қазақ хандығы мен Моғолстанның арасында қырғыз мәселесі бойынша соғыс болды. Сол соғыс Хақназардың кезіне дейін жалғасты. Ақырында қырғыздар қазақтармен одақтасып, Моғолстанның шеңберінен тыс қалды.
– Фильмге сценарий жазған кезде Берекет Кәрібаевтың еңбектерін оқып, пайдаландым. «Қазақ хандығы» кітабының үлкен пайдасы тиді. Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі ұлы тарихқа кіріспе деуге болады. Біз бұл жерде Қасым ханның отыз жылдық соғысына дайындық жасадық. Қасым мен Бұрындықтың арасындағы жағдай, Қасымның Сығанақты алуы, бұларды құрту үшін Әбілқайырдың аттануы секілді тарихтың бәрі алда. Біз соны арман етіп отырмыз. Фильмнің Алматыдағы Республика сарайында өткен көрсетіліміне Елбасының өзі келуі керек еді. Мен сонда «қызуымыз басылмай тұрған кезде фильмді әрі қарай жалғастырайық» деген ұсынысымды айтпақшы едім.
Тағы бір қосарым, кинода қазақ өзбектен қашып ұйғырдың қолтығына тығылған жоқ. Қазақ өзбектен қашқан жоқ, өзінен-өзі қашты. Диктатордан қашты. Моғолстанның Алмалық қаласы қазіргі Шығыс Түркістанда. Ол кезде ұйғырлардың бір бөлігі Моғолстанға қарады. Олар үлкен мемлекет болды. Оның патшасы ұйғыр емес, төре. Шағатайдың ұрпағы болатын. Фильмде бес-алты қыз билегені үшін оларды ұйғыр деп айтуға болмайды. Ол жаңсақ айтылған пікір. Біз осы мәселе көтерілетінін ескеріп, ұйғырларды фильмде тараншы деп бердік. Моғолстан құрамында тараншылар болғаны рас. Фильмде билеп тұрған қыздар – солардың бүгінгі көрінісі.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы
Түйін:
Жақсылығы бар, жетістігі де жетерлік, кемшіліктен де кенде емес... Ең бастысы – өз тарихымыз туралы киноны өзіміз түсірдік. Тарихи сериалдың басы! «Көш – жүре түзеледі» деген халқымыз. Бәрі де ретімен болар. Тек бір ескерте кететін нәрсе – сын айтылса, ер-тоқымымызды бауырға алып туламай, қабылдай білу де мәдениеттіліктің белгісі. Жанашырлықтан туған, айтылған пікірлер келешекте қателеспеу үшін де керек болады. «Алмас қылыш» қазақ хандығы туралы фильмнің басы ғана, «жанталасқа» түсетін қазақ хандарының рухын көрсететін кино жалғасады деген үміттеміз. Қазақтың тарихы ұлтымызға керек. Ұлттық кино да елдің рухын ояту үшін қажет. Осындай «қажеттердің» орнын түгелдейтін заман жетті.
Гүлзина БЕКТАС, Серікбол ХАСАН
"Айқын" газеті