28 қаң, 2019 сағат 13:31

Алкогольді кассалық аппаратсыз сататындарды лицензиясынан айыру керек – Альберт Рау

Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар» тақырыбында үкімет сағаты өтті. Жиында алкогольді кассалық аппаратсыз сату мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Мәжіліс депутаты Альберт Рау алкогольді кассалық аппаратсыз сататын кәсіпкерлерді лицензиясынан айыруды ұсынды.

«Мақсатымыз көлеңкелі сауда айналымын азайту. Ол әсіресе алкоголь нарығында анық байқалады. Бұл бағытта әкімшілендіруді күшейтті, көлеңкелі айналымды бірнеше есе азайтты, отандық тауар өндірушілерді жайпап тастады. Қазір ондағаны ғана қалды. Осылай әкімшілендіру оңай болғанымен, бірақ міндет орындалған жоқ. Сарапшылардың мәліметінше, Қаржы министрлігі де бұнымен келісіп отыр, алкоголь нарығының 50 пайызы көлеңкелі айналымда тұр. Бұл жерде біздің сауданың ерекшелігі әсер етіп отыр. 90 пайызға дейін – үй жанындағы дүкендер, ол жерлерде кассалық аппараттардың енгізілу деңгейі өте төмен», - деді Албьерт Рау. 

Депутаттың айтуынша, салығын уақытында төлейтіндерден заңмен белгіленбеген уақытта алкоголь сатып алғың келсе, оларда касса жұмыс істемей қалады.

«Әрине, ондайда тұтынушы салық төлемейтін сатушыға бара салады. Кассалақ аппарат орнатуға уақыт жеткілікті берілді. Қазір аппараттарды тіпті сатып алмай, смартфонға жүктеп алуға болады. Сондықтан, 1 маусымнан кейін кассалық аппарат орнатпағандарды лицензиясынан айыру керек», - деп мәжілісмен ұсыныс жасады.