16 жел, 2020 сағат 12:28

Әлімжан Құртаев: 16 желтоқсан – Қаһармандар күні

Бүгін Қазақстанның барша халқы үшін қастерлі мейрам - Тәуелсіздік күні. Осынау ұлтымыз үшін ұлы күнге орай ҚР Парламенті Сенатының депутаттары да пікір білдіріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тәңір ықыласы түсіп Қазақ еліне берілген Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған асыл арман еді. Бұл жолда біздің бабаларымыз жаугершілікке жасымай, табандылықпен талмай үздіксіз күрес жүргізді. Қазақ зиялылары, әсіресе Алаш ардақтылары халықтың рухы мен намысын қажап, егемендігімізді алу үшін тынбай тер төкті. Тыныш жатқан елге тырнағын батыра бастаған басқыншыларға қарсылық танытып, түбегейлі тәуелсіздікке қол жеткізе алмаса да автономиялық мемлекет ретінде бөлініп шығуды көздеді. Осы жолда жасаған ерен еңбектері мен қылған қызметтері ұшан-теңіз. Әрбір Алаш идеясын құптаған азамат өз деңгейінде аянбай ат салысты. Алаш ізбасарлары да қиындықтарға қарамай, ел игілігі үшін ерінбей еңбек етті», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Алтынбек Нұхұлы. 

Сенатор егемен ел болу жолында талай қиыншылықты бүгінгі замандастары да бастан өткергенін баса айтады.

«Сындарлы сәттерде қайғыдан қайрат шыңдап шыдамдылық танытқанның арқасында ширек ғасырдан аса уақыттан бұрын тәу етер Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Міне, ата-бабаның аңсаған осы күнін көріп отырған бүгінгі ұрпақ - нағыз бақытты ұрпақ! Тәуелсіздігі мойындалып, көк байрағы желбіреп, елтаңбасы бекіп, әнұраны қабылданған соң Қазақстан дербес мемлекет ретінде нақтылы қадамдар жасай бастады. Елбасымыздың саясатының жемісінің бір көрінісі - бүгін біздің еліміз өзге көршілес елдермен терезесін тең ұстап отыр», - деді сенатор.

Ол биылғы жылы біз әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығын және қазақтың бас ақыны, данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өткенімізге де назар аудартады. 

«Сонымен қатар бұл жыл – еріктілер жылы деп жарияланған болатын. Жас ұрпақ сөйлесе сөзі, атқарса ісі, ойласа арманы жүзеге асатын Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін асқақтатып, қадірлей білуі керек. Пандемия салдарынан әлемдік деңгейде кешіп жатқан ауыртпашылықтар мен қиыншылықтарды бірге еңсеріп, жақынымызға жанашырлық танытып, елдік пен бірліктің белгісін көрсетіп келе жатқан халыққа бас иеміз. Ел Президентінің 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі« атты Жолдауын іске асыру - міндетіміз және парызымыз. Бұл Тәуелсіздігіміздің нығаю жолындағы жасалатын жарқын істер болмақ. Көк байрағымыз мәңгілік желбірер тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғасырларға ұлғасар ғұмырлы болғай!», - деді сенатор.

Ал сенатор Әлімжан Құртаевтың айтуынша, Тәуелсіздік – бұл қазаққа бұйырған ең үлкен бақыт. Бұдан артық бақыт та, құндылық та, қазына да жоқ! 

«Алайда, осынау бақытты, баға жетпес құндылықты әрбір қазақ өз жүрегімен сезініп, жоғары бағалай алып жүр ме? Дүние жүзінде қазақтан саны көп, тарихы терең қаншама халық бар, бірақ олар өз алдына жеке, тәуелсіз ел бола алмай отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, тәуелсіздік қазақтың ең үлкен бақыты екенін сезінеміз. Қаншама ғасыр бойы Тәуелсіздік пен Азаттықты ата-бабаларымыз аңсады, зарығып күтті, соның жолында құрбан болды. Сонау қазақтың кемеңгер үш биінен, үш жүздің басын қосқан ұлы хан Абылайдан бастап, Алаш көсемдері, Желтоқсан қаһармандарына дейінгі батырларымыз елінің бостандығын армандап кетті. Сол аяулы арманға 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткіздік. Қасиетті де қастерлі ата-баба жолынан таймаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен тарихи таңдауымызды жасап, тәуелсіз Қазақстан көш түзеді. Ұлттық бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстаған Елбасымыздың кемеңгерлігі мен көшбасшылығының арқасында көк байрағымызды биікке желбіретіп, азат ел болдық», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, Тәуелсіздік деген ұлы ұғым Жер, Ел, Халық, Рух, Тағдыр, Күрес, Тұлға, Алаш, Желтоқсан, Бірлік, Ынтымақ деген ұғымдармен біте қайнасып жатыр. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөлек алып қарай алмаймыз. 

«Қазақ сонау ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада, Алаштың заманында, 37-нің қырғынында, 86-ның Желтоқсанында мың өліп, мың тірілді. Бірақ рухымыз өлмеді. Қақаған аяздан, арыстандай ақырған азулы империяның айбарынан сескенбеген Желтоқсан қаһармандарының рухы дүние жүзін дүр сілкіндірді. Біз азаттық, бостандық, еркіндік үшін, ең алдымен, Желтоқсан қаһармандарының рухының алдында қарыздармыз! Ұлттық рухымызды көтеріп, шын тәуелсіз ел болуымызға серпін берген бұл ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәнін жоғары бағалауымыз керек. Демек, 16 желтоқсан – Қаһармандар күні! Бұл күні баршамыз нағыз батырлардың рухына тағзым етіп, өшпес ерліктеріне басымызды июге тиіспіз. Тәуелсіздік таңын атырған, азаттық асуына жеткізген Желтоқсаншыларды жас ұрпаққа үлгі етейік! 

Баршаңызды ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, әрқайсымыз құр сөзбен емес, нақты іспен қарыштаған Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін еңбек етейік! Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!», - деді Әлімжан Құртаев.