19 қаң, 2023 сағат 17:41

Смайылов азаматтардың банкроттығы туралы заңды тездетіп қолданысқа енгізуді тапсырды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов азаматтардың банкроттығы туралы заңды тездетіп қолданысқа енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Шамамен 1,2 млн азамат борыш ауыртпалығынан босату тетігін пайдалана алады. Жеке тұлғалар банкроттығы институтын толыққанды енгізу үшін заңға тәуелді актілердің бәрін тез арада қабылдап, ұйымдастыру-техникалық жұмыстарды аяқтау қажет», - деді ол.

Премьер-Министр тиісті ақпараттық жүйені қысқа мерзімде іске қосу керектігін атап өтті.

«Бұл қадам қажетті рәсімдерді барынша жеңілдетіп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарын да атады.

«Қабылданған шараларға қарамастан, оның үлесі әлі де ауқымды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын толыққанды іске асыру қажет.

Бұл жұмыста жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен және уақтылы енгізу маңызды. Мақсат - жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру екенін атап өткім келеді», - деді Премьер-Министр.