23 нау, 2021 сағат 00:49

Әлихан Бөкейханның жаңа суреті табылды

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш-Орда автономиялы үкіметінің төрағасы, Алты Алаштың рухани көсемі Әлихан Бөкейханның елге беймәлім тағы бір суреті табылды. Бұл фотоқұжат Ресей музейлерінің Госкаталог сайтында жарияланған.

Хабарды белгілі ғалым, алаштанушы, журналист Сұлтан Хан Аққұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

"Сүйінші, Алаш азаматтары! Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тағы бір жаңа фотосуреті табылды. Бұл жолы да тарихи фотоқұжатты әріптесіміз, таяуда да ғана Алаш тақырыбын зерттеп, насихаттауға қосқан үлесі үшін "Қазақ Республикасына 100 жыл" төсбелгісімен (медалімен) марапатталған ізденімпаз журналист Серікбол Хасан қазбалап жүріп тауып алыпты. Серікболға Алаш аруақтары атынан Алаш қайраткерлерінің сөзімен Тәңірі жарылқасын айтамын!Ал енді суреттің өзіне келсек, фотоқұжатта Омбы қаласында шыға бастаған ең алғашқы бейресми тәуелсіз "Степной край" газетінің ұжымы бейнеленіпті: үшінші қатарда солдан оңға қарай төртінші тұрған жас Әлиханның бейнесі көзге оттай басылады. Егер Әлиханның "Степной край" газетінде Санкт-Петербор оқуы мен "Тобыл экспедициясынан кейін Омбыға оралған 1895-дан 1897 жылға дейін қызмет істегенін ескерсек, бұл фотосурет сол кезең аралығында түсірілген болса керек. Әлихан ол кезде 29-31 жаста болатын" - деп жазды ол Facebook-тағы парақшасында.