Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметшілердің балаларына той жасап беруін «даңғойлық жәрмеңкесіне» теңеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сән-салтанаты келіскен ауқымды тойлардың бейнебаяны әлеуметтік желіде жиі жарияланады. Зал іші толған гүл. Шоу-бизнес жұлдыздары. 500-600 қонақ. Кейінірек бұл тойды өңірдегі бір басқарма басшысының қызына немесе ұлына жасап бергені анықталады. Және бұл тұтас бір үрдіске айналды. Осындай бейнероликтер желіге тарайды және жұртшылықты «Ақшаны қайдан алды?» деген орынды сұрақ мазалайды. Осы жерде тағы бір маңызды мәселе туындайды. Қатардағы мемлекеттік қызметшілер де басшыларынан қалмай, мерекені әлі жеткенше дүркіретіп өткізуге тырысады. Бұл енді даңғойлық жәрмеңкесі емей, немене», - деп жазды Алик Шпекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметшілер үшін балаларының үйлену тойын немесе өзінің мерейтойын ұлан-асыр тоймен атап өту әдетке айналды.
«Тіпті жаназа рәсімін де «лайықты деңгейде» өткізуге тырысатындар бар», - дейді төраға.
Сонымен бірге, Шпекбаев 2015 жылдан бері мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық тәртіпті бұзу оқиғаларының 40%-ке азайғанын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметшілерді өзгеруге, қарапайым болуға шақырды.
«Құрметті мемлекеттік қызметшілер, өзгеру - уақыт талабы. Қарапайым әрі кішіпейіл болуымыз керек!», - деп жазды ол.