01 қаз, 2020 сағат 11:36

Әлібек Әлденей праймериз туралы: Бір мезетте дауыс беруге 76 мыңнан аса адам кірген

Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризі бойынша дауыс беру басталды. Сайлауға10 076 кандидат түсіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі сәтте ақпараттық жүйеде 728 879 адам тіркелген (авторизацияланған). Дауыс беру бастапқы сәттен қарқынды өтуде. Бүгінгі түнгі сағат 00.00-ден таңғы сағат 04.00-ге дейін «Праймериз» жүйесіне 50 мыңдай партиялық жүгінді. Сағат 11.00-де, бір мезеттегі жүктеме 76 мыңнан астам сұранысқа жетті.Техникалық мониторинг бір мезгілде дауыс беруші партиялықтар мен нәтижені бақылап отырған кандидаттармен қатар сайтты бөгде қолданушылар да көптеп қарап отырғанын көрсетуде. Мұның барлығы жүйеге артық салмақ түсіруге әкеледі, ол тиісінше процессті едәуір баяулатып, сұраныстарды өңдеу уақытын ұлғайтады. Қазір біздің IT-мамандарымыз техникалық іркілістерді жою, арналардың өткізу мүмкіндіктерін арттыру шараларын қолға алуда», деп жазды Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей желідегі парақшасында.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанда ел көлемінде өтіп отырған тұңғыш онлайн дауыс беру. Сондықтан жүктеменің жоғары болу ықтималдығын ескеріп, әуел бастан дауыс беруді 3 күн, 1 – 3 қазан аралығында, яғни тұтастай 62 сағат өткізу туралы шешім қабылданды.

«Сағат 13.00-де «Праймериз» АЖ-де 31 367 партиялық дауыс берді. «Дауыс беру нәтижелері» бөлімінің жаңартылуы 30 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт алады. Бұл алгоритм жүйеге түсетін жүктемені төмендету үшін енгізілген», деп толықтырды ол.

Әлібек Әлденейдің айтуынша, талдау көптеген қолданушының жүйеде сағаттап отырғанын көрсеткен. 

«Сондықтан кандидаттардан және басқада қолданушылардан жүйеге қайта-қайта кіруді тоқтата тұрып, партиялықтардың дауыс берулеріне мүмкіндік берулерін сұраймын.Екі түбегейлі жайтты атап өткім келеді. Бірінші. Әрбір партиялықтың дауыс беру нәтижелері сақталады және сұраныстарды өңдеу барысына қарай міндетті түрде жүйеде көрсетілетін болады. Екінші. Қорғаныс және шифрлау кез келген бұрмалаушылыққа жол бермейді. 

Еліміздің ең шалғай елді мекендерінің тұрғындарын қоса алғанда партияның барлық мүшесі дауыс бере алады», - деп тұжырамдады.