06 мам, 2022 сағат 10:52

Альфа-Банк Қазақстан атауы өзгерді

Фото: ©РИА Новости

"Банк ЦентрКредит" биыл наурызда Ресейге қарсы санкцияларға ұшыраған Альфа-Банк Қазақстанды сатып алу келісімін жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі БЦК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Альфа-Банк" АҚ пен "Банк ЦентрКредит" АҚ Қазақстандағы "Альфа-Банк" ЕБ АҚ-ты сату туралы түбегейлі келісімге келді. "Банк ЦентрКредит" жай акциялардың 100 пайызын сатып алу арқылы Қазақстандағы Альфа-Банктің жаңа акционері атанады. Қайта тіркеуден өткеннен кейін банк жаңа ECO BANK брендімен жұмыс істейтін болады. Толық атауы - "ECO BANK" ЕБ АҚ", - делінген хабарламада.

БЦК мәліметінше, банк өнімдерінің барлық шарты клиенттер үшін өзгеріссіз қалады және SDN тізімінен шығу процедурасы аяқталғаннан кейін клиенттер банк қызметінің барлық спектріне қолжеткізе алады.

"Қазір тұтынушыларымызға ыңғайлы болу үшін bcc.kz сайтында сұрақ-жауап форматындағы ақпараттық жадынама орналастырылды. Қосымша сұрақтар бойынша жеке тұлғалар үшін 505, заңды тұлғалар үшін 605 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз", - деді БЦК өкілдері.

Альфа-Банк Қазақстанды сатып алу БЦК жеке қаражаты есебінен қаржыландырылған. Қазіргі уақытта банктің ребрендингі бойынша жұмыс басталып кетті, ол толығымен қазақстандық болады, деді баспасөз қызметі өкілдері.

"Санкцияға ұшыраған банкті сатып алу Қазақстанда алғаш рет және барынша қысқа мерзімде жүзеге асырылып жатыр. Осы транзакцияның барлық қатысушысына сәтті нәтиже үшін алғыс айтамын. Біз үшін басты басымдық - тұтынушылар сұранысын шешу. Сондай-ақ, командаға көңіл бөліп, қызметкерлерді жаңа банктің бизнес-процестеріне тарту", - деп түсіндірді БЦК басқарма төрағасы Ғалым Хұсайынов.