10 қаз, 2019 сағат 17:12

Әлеуметтік желідегі әдемі діни сөздердің артында жасырын насихат болуы мүмкін

Әлеуметтік желіде жарияланған әдемі құрани сөздердің артында жасырын насихат болуы мүмкін. Осындай ойын Алматы гуманитарлық колледжінің студенттеріне дінтанушы, магистр Нұрмұхаммед Мейманқожа жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл кездесуге гуманитарлық колледжде білім алып жатқан 45 студент қыз қатысты. Спикер діндегі қыз балаларға қатысты мәселелерді айтты.

«Жастар деструктивті ағымдарға ермес үшін не істеуі керек? Ғаламтордағы ақпаратқа абай болуы керек. Ислам дінін мақтап жазатын нақыл сөздер, хадистер жазылған керемет аккаунттар болуы мүмкін. Адамдар сырлы сөзге қызығып кіреді. Басында мәтінде ешқандай күдік туғызар дүние болмауы мүмкін. Бірақ кейін деструктивті ағым сайттарына, ақпараттық ресурстарға сілтемелер пайда болады. Былайша айтқанда, жасырын насихат жүргізіледі. Ал мұндай ақпараттық шабуылға жастар төтеп бере алмайды. Сол үшін дін мәселелері бойынша көп мәлімет алудың керегі жоқ», - деді Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Соңғы мәліметтерге сенсек, Сирияға Қазақстаннан 800-ге жуық адам кеткен. Бүгінде «Жусан» операциясының көмегімен 595 адам қайтарылды.

Оның айтуынша, жат елге кеткендер үшін Отан деген ұғым құндылық болмай қалады.

«Төлқұжатын алып, кіндік қаны тамған жерін тәрк етіп, халифаттан пана іздегендердің ішкі дүниесінде қандай мотив болуы мүмкін? Бұл миграция отбасы құндылығының түкке тұрмайтынын көрсетті. Сонымен қатар ер азаматтардың отбасын сақтау, әйелдің қорғаны болу және балаларының өміріне жауапты екендерін естерінен шығарулары аса қатты ойландыратын мәселе болуы тиіс. Көп жағдайда Сирияға кеткен әйел заты өз басын қауіпке тігіп, күйеулерінің соңынан кеткен. Бұл жағдайда әсіресе жапа шеккендер – балалар. Олардың тағдыры, жат жерде жазықсыз көз жұмған балалардың өлімі – ата-анасының жауапкершілігінде», - деді спикер.