05 сәу, 2020 сағат 08:14

Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібі түсіндірілді

Әділет министрлігі жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібі туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуіне байланысты, сонымен қатар коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында жеке практикамен айналысатын тұлғалар өзінің кәсіби қызметін шектеді. Бұндай қадам төтенше жағдай кезінде олардың табысынан айырылуына әкеліп соғатыны белгілі. Осы жағдайды ескере отырып, Әділет министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігіне әлеуметтік төлемді жеке практикамен айналысатын тұлғалардың алуы әлеуметтік төлемді алуы тәртібін жеңілдету қажеттілігі туралы хат жолдаған болатын», - делінген Әділет министрлігінің мәліметінде. 

Биыл 3 сәуірде қабылданған жаңа Ережеге сәйкес, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға әлеуметтік төлемді тағайындауға төтенше жағдай кезіндегі қызметінің шектелуіне байланысты табысынан айырылғаны туралы өтініш негіз болады алады.

Бұған қоса, әлеуметтік төлемді алу құқығы адвокаттардың, нотариустардың, жеке сот орындаушыларының көмекшілеріне және коммерциялық емес ұйымдардың (адвокаттар алқаларының, адвокаттық кеңселердің, нотариаттық палаталардың және т.б.) қызметкерлеріне беріледі.

«Жалған ақпараттар мен дәйексіз құжаттарды бергені үшін өтініш беруші жауапқа тартылатынын ескерулеріңізді сұраймыз, себебі әлеуметтік төлем табысынан айырылған азаматтарға ғана беріледі. Осыған қарай, жеке практикамен айналысатын тұлғалар мемлекеттік қолдауды шектеу шараларының енгізілуіне байланысты шын мәнінде табысынан айырылған жағдайда ғана пайдалана алады», - деп аталып өткен хабарламада.