11 қар, 2019 сағат 10:53

Әлеуметтік сақтандыру қоры қазақстандықтарға 162 млрд теңге төледі

2019 жылғы 10 айда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 162,1 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 65,1 млрд теңгені, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне – 74,2 млрд теңгені, еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша – 11,4 млрд теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 7,8 млрд теңгені, жұмысынан айырылуға қатысты – 3,6 млрд теңгені құрады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.

Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты аналарға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің орташа мөлшері 424 063 теңгеге жетті, ал төлем алушылардың саны 164 мың адамды қамтыды.

Сонымен қатар, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне әлеуметтік төлемдердің мөлшері 30 925 теңгені құрады, оны 395 мың азамат алды. 54,7 мың адам жұмысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды, оның орташа мөлшері 22 631 теңгені қамтыды.

Белгілі болғандай, 46,6 мыңнан астам қазақстандыққа асыраушысынан айрылу жағдайында төлемдер төленді, олардың орташа мөлшері 17 628 теңгені құрады.

Тағы 85,3 мың азамат еңбекке қабілетінен айрылуы жағдайында әлеуметтік жәрдемақы алды. Бұл төлемнің орташа мөлшері 14 860 теңгені қамтыды.