25 жел, 2025 сағат 10:35

Әлеуметтік осал топтарға арналған 170 пәтер заңсыз иемденілмек болған

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл санатқа көпбалалы отбасылар, жетім балалар және мүгедектігі бар азаматтарға арналған пәтерлер кіреді.

Ведомство мәліметінше, 2014–2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов пайшылардың қаражатын жымқырудың ірі схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін аталған кооперативке қатысты кейбір пәтерлердің құрылысы Астана қаласы әкімдігі тарапынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналып аяқталған.

Алайда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз схема ойластырған. Тергеу дерегінше, ол «өткен күнмен рәсімделген» жалған құжаттарды пайдалана отырып, пәтерлерді заңсыз иемденуді көздеген.

Нәтижесінде 80-нен астам адам «жалған үлескер» ретінде жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған. Күдіктілер бұл пәтерлерді өтеусіз иемденіп, кейін үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған.

Осылайша жалпы құны 2,3 миллиард теңгеден асатын жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.